2019 жылы АЕК 1,5 есеге ұлғайды
Сондықтан оған инвестиция салу елдің экономикалық дамуы мен жалпы қоғам әл-ауқатының өсуіне ықпал етеді. Дәл осы тұжырымдаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та шегелеп айтқан болатын. Яғни кез келген мемлекет үшін адами капитал басты өлшемге айналғанын атап өткен еді. Осы бағытта қазір Қазақстанда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Қазақстанда 340 мыңнан асатын көпбалалы отбасы бар. Басым бөлігі Түркістан облысында. Көпбалалы аналардың жағдайы – әлеуметтік саланың барометрі. Сондықтан мемлекет бұл мәселені ешқашан уысынан шығарған емес. Былтырдан бастап мемлекет оларға берілетін көмектің әдісін өзгертті, көлемін көбейтті. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамастан жәрдемақы төлене бастады. Төрт немесе одан да көп кәмелет жасқа толмаған әр балаға 11 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды. Жыл басынан бері аталған көмекті алатындардың саны 1,5 есеге артқан.
Әлеуметтік көмек шынайы мұқтаж жандарға көрсетілуі тиіс. 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедек бала тәрбиелеп отырған жүз мың азаматқа берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі 30% ұлғайды. Айлығы төмен ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы да осыншаға өсті. Бұл – бір млн-нан астам азаматтың табысы артты деген сөз.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін жәрдемақы көлемі 50% ұлғайды. Бұл әсіресе қазір, пандемиялық дағдарыс дендеген тұста үлкен көмек әрі кепіл. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыз қалған 35 мыңнан астам адамға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы берілгенін хабарлады. Тек мамыр айында 5,2 мың азаматқа жәрдемақы тағайындалған.
Барлық мәселені адам шешеді. Қарапайым әрі түсінікті қағида. Азаматтары неғұрлым білімді мемлекеттің дамуы соғұрлым тез әрі оңай. Біз соңғы уақытта жиі естіп жүрген «адами капитал» тіркесінің анықтамасы осыған саяды. Сарапшылар «адами капиталды дамытуға қажетті қаржы бөлінбесе, ұлттық кірістің 25% айырылу қаупі бар» дегенді айтады. Қазақстанда соңғы жылдары білімге деген инвестиция мөлшері азайып кетті. Осыдан екі апта бұрын өткен Ұлттық сенім кеңесінің үшінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайында айтқан.
Қазақстан 2025 жылға дейін білім мен ғылымға бөлінетін қаржыны ЖІӨ 7% жеткізеді. Бұл үшін бес жылға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Әуелі мектепке дейінгі білім. Биыл 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 98,5% жетті. Студенттердің стипендиясы өсті. Атап айтқанда, былтыр жұмысшы мамандығына оқып жатқан 122 мың колледж студентінің шәкіртақысы 30% көбейді. Ал биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап орта оқу орнының 126 мың және 179 мың ЖОО студенттерінің стипендиясы 25% өсті. Осылайша магистранттардың стипендиясы 67 мыңға, ал докторанттардікі 100 мың теңгеден асты.
Марат Бәшімов, заңгер:
-Шынын айту керек, білім саласында қаржыландыру төмен болып кетті. Мақсатымыз – 2025 жылға 7% жеткізіп, маңызды салаға бөліп, жемқорлықтан бас тарту.
Биылғы жылдың ең үлкен жаңалығы Педагог туралы заңның қабылданғаны болды. Онымен қоса, алдағы төрт жылда мұғалімдердің жалақысы екі есеге көбейеді. Биыл мысалы 492 500 педагогтің айлығы 25% ұлғайды.
Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін ауыр сынақ болды. «Бұл ахуал елімізде кәсіби дәрігерлердің тапшы екенін анық аңғартты», – деді Мемлекет басшысы. Оның ең басты салмақты себебі – еңбекақының аздығы. 2024 жылға дейін денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы ЖІӨ-нің 5% жетуі тиіс. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрігерлердің жалақысы 30%, ал медицина қызметкерлерінің айлығы 20% көбейді. Сөйтіп 2023 жылға дейін олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болуы тиіс.