Атырау облысында шағын шаруашылықтар кешенді фермаға зәру
Мұнда қазір 600-ден астам мүйізді ірі қара мен 2 мыңдай қой бар. Жылқы мен түйе қосалқы шаруашылық есебінде өсірілуде. Былтыр арнайы әкелінген авердино-ангус тұқымды торпақтар қазір өсіп, төлдей бастаған. Суық жаққа бейімделген түлік жаңа орынды жатырқамапты. Тек өріс тапшы. Оларды көп сиырға қосып бағуға болмайды екен. Ал жеке ұстауға жер тарлық етіп тұр.
Құрманбек Аманғалиұлы, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Мал басын мыңға да жеткізуге болады. Тек жер мәселесі алаңдатады. Айналдырған 3,5 мың гектар жер бар. Ол барлық малға жетпейді. Қазір қай шаруашалыққа барсаңыз да, осы мәселе алға шығады.
Аудандағы шаруашылықтардың аяғына тұсау болып тұрған проблема тек бұл емес. Қазір мыңғырған төрт түліктің өнімін ұқсату қиындап кеткен. Малшы, сауыншы шықпайды. Сосын сүт сауылмай, жүн қырқылмай, шаруаның есіл еңбегі желге ұшып жатқан жайы бар.
Марат Төлеуов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Малшы жоқ, сауыншы жоқ. Қазір 60-тан аса бұзау сиырға ілесіп жүр. Оны сауатын адамдардың реті келмей тұр. Жүн мәселесі де өте қиын. Жүн өтпейді. қырқып аламыз да, құдықтарға салып көмеміз. Жүнді тапсыратын жеріміз жоқ. Оны ешкім алмайды.
Өңдеу өнеркәсібі дамымаған соң, мал басын көбейтуге құлшыныс жоқ. Жайылым мен шабындық та тапшы. Бар үміт Ресейден қайтарып алынған «Тайсойған» полигонында. Бүгінде аудан иелігіне 624 мың гектар жер біртіндеп беріле бастаған.
Жәнібек Тұрдағалиев, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:
- Бұрын отырған қыстақтарын заңдастыра алмаған 33 жеке тұлғаға шаруа қожалығын құрғызу арқылы жерлерін заңдастырдық. 44 шаруа қожалығына «Тайсойған» полигонынан жаңа жер бердік. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.
Жалпы Қызылқоға өңіріндегі шаруашылықтардың барлығы дерлік ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы мемлекеттен жеңілдетілген несие алып жұмыс істеп келеді. Ол қарыздың қайтарымы бар. Егер өнім өтпесе, қаражат қайдан құралады? Қазіргі кәсіп жаздай баққан малын күз семіртіп, аяқтай сатумен ғана шектелуде. Сондықтан өңдеу өнеркәсібін қолға алу – кезек күттірмейтін іс. Ол үшін шаруашылықтарды біріктіріп, кешенді ет-сүт фермаларын құру қажет.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев