СҚО-да 600 млн теңгеге жасалған жол жарылып жатыр
Жергілікті жұрт бұл туралы бір емес, бірнеше рет айтты. Халықтың сөзі де, қазына қаржысы да желге ұшқан сыңайлы.
Марат Сарыбаев, Қайранкөл ауылының тұрғыны:
- Қалыңдығы 3 см ғана. Ондай асфальт салына ма екен? Өзіміз де жол салып жатқандарға ескерттік. Міне, жолдың жағдайы осы. Бөлінген ақша желге ұшты.
Шенеуніктердің бұл жолды қалай қабылдағаны қайран қалдырады. 600 млн теңгенің асфальті шұрық-тесік. Қалыңдығы қылдай. Асты бос.
Жолдыбай Тентеков жолдың жағдайын жазбай таниды. Былтыр ол осында арнайы келіп, сынамалар алды. Сапасы сын көтермейді.
Жолдыбай Тентеков, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚОФ директоры:
- 5 сынама алғанбыз. Сол сынаманың екеуі сәйкес келмеді. Қалыңдығы дұрыс шықпады. Смета бойынша қалыңдығы 5 см болу керек. Ал мұнда 2,5-3 см шыққан. 18 шақырымға бюджеттен 600 млн теңге бөлінген. Сонда бір шақырымға 33 млн тг-ден келеді. Мұндай сомаға басқа құрылысшылар жақсылап істейтін еді.
Мердігер ұйым кепілдік бойынша бәрін осы айдың 15-іне дейін қалпына келтіруі тиіс. Алайда жолда бірде-бір техника жоқ.
Эдуард Шандер, мердігер ұйымның директоры:
- Облыста бұдан басқа бүлінген жол жоқ па? Әлде жол жөндейтін біз ғана ма? Айттық, орындаймыз. Кепілдік бар.
Бұл компания бірінші рет сыналып жатқан жоқ. Олар өткен жылы Заградовка ауылының жолын да жөндеп жарытпады. Онда 340 млн теңге бөлінген. Ал биыл Петропавлдың аулаларын асфальттайды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Жол жөндеушілердің кеуде соғып айтатын бір сөздері бар: «Біз екі жыл бойы ойылған, жарылған жерлерді өз ақшамызға жөндеп береміз», – дейді. Бұл – міндетті түрде берілетін кепілдік мерзімі. Содан кейін оны ешкім де істемейді. Сонда екі-ақ жылға жарайтын жол кімге керек?
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов