Автобөлшектерді арнайы дүкендер мен сауда орындарында ғана сатуға болады
Құжатта сатушының жеке мәліметтері көрсетіледі. Тіпті тапсырылған құрал-сайманның суреті де болуы керек. «Бұл – ұрлықтың алдын алу үшін жасалған шара», – дейді Ішкі істер министрі.
Естеріңізде болса, Денис Тенді өлтірген қаскөйлер оның көлігінің айнасын ұрлап сатпақшы болған. Кісі өлімімен аяқталған қайғылы оқиғадан кейін қара базардағы тәртіп күрт өзгерген еді. Яғни тапсырушы тарап автобөлшек өзінікі екенін дәлелдеуі тиіс. Бірақ қалаған базарына сатуға құқылы болатын. Енді, міне, тағы өзгеріс енді. Бұл өзгеріс қаншалықты тиімді болмақ?
Төтенше жағдайдан кейінгі базар тірлігі қайнап тұр. Құжаты жоқ, сайманы бар адамдай сатушыларды жағаладық. Әңгімеге тартып, мән-жайды білмекке ұмтылдық.
Байқағанымыз: мұндағыларды құрал-сайманның құжаты емес, бағасы қызықтырып тұр. «Арзанға беремін», – десең, келісуге дайын. Тіпті телефон нөмірін беріп, хабарласуымды сұрады.
Келісіп тұрып кеттік. Құжат туралы сөз болған жоқ. Мұнымен бөгелмей, келесі базарға тарттық.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Жаңа емес. Шаң басқаны болмаса, кәдеге жарайтын көліктің рөлі. Шанағы, шамы – бәрі бар. Елордадағы бұл базарда 200-ден астам контейнер бар. Көбісінің іші қолданылған құрал-саймандарға лық толы. Әрине, жаңа саймандарды да сатады. Бірақ сатушылардың айтуы бойынша, тұрғындардың дені осы түпнұсқаны алуға асығады екен. Себебі бағасы арзан. Өлшемі сай келмесе қайтып әкеліп тапсыруларына болады екен.
Ербол Шәкіртхан, сатушы:
- Жаңа затты алғаннан кейін қағазын жыртып тастап, қолданғаннан кейін қайтып апарып бере алмайды. Ал бізде ескі затты алып, салып, тексеріп, болмаса қайтып әкеліп бере алады. Сол жағынан халыққа тиімді. Сосын Қытай затының кейбірі дұрыс болмай жатады. Ал мынау машинаның өзінен шығып, қолданыста жүргеннен кейін жаңа болмаса да, істейтініне көз жеткізе алады.
Тұтынушылардың дені қолданыстағы бөлшектерді таңдайтыны белгілі болды. Бірақ солай екен деп «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілмеуі тиіс. Базар басшылығы бұл істі бақылауда ұстап отырғандығын айтады. Тіпті делдалдармен тікелей тілдеспейтін болыпты. «Желі арқылы жазысып, жазбаны сақтап қоямыз», – дейді.
Ербол Әлімов, базар басқарушысы:
- Қазір сатушы бағасын қояды. Егер тексеріс болса, құжаттардың сол жерден алады.
Базар басшылығы: «Құжатсыз ешқандай сайман қабылдамаймыз», – деп сендірді. Себебі ай сайын тізім бойынша бөлшектерге тексеріс жүргізіледі екен. Министр міндеттеген тәртіп осы емес пе еді?!
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Бұдан былай қолданыста болған қосалқы бөлшектер тек арнайы дүкендер мен сауда нүктелерінде ғана сатылады. Оның өзінде бөлшекті қабылдау кезінде келісімшарт жасасып, тапсырған адамның жеке бас мәліметтері мен фотоайғақ болуы керек.
Иә, сатушыларға қойылған талап та күшейді. Бұдан бөлек мұндай заңбұзушылыққа барған тұлғаларға қатысты жаза да қатаңдатылады. Нәтиже де жоқ емес. Тисті заң күшіне енгелі қылмыс саны екі есе азайыпты.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Достық Талғатұлы, Аян Сәрсенбаев