Маңғыстау облысында қос қолымен бір уақытта қатар жаза алатын қыз тұрады
Ақтілек Мұратбаеваның ерекше қабілетін ғылымда «амбидекстрия» деп атайды.
Мұндай ерекшелік Жер шары тұрғындарының 1% ғана кездеседі екен. Мұнайлы ауданында тұратын дарынды қызбен тілшілеріміз кездесіп қайтты.
Ақтілек мектепке 5 жасында барған. Қолға енді қалам алған бүлдіршін бірден теріс жаза бастапты. Яғни оңнан солға қарай жазады. Алғашында түсінбеген ата-анасы баласының бұл қабілетін 1 жылдан кейін бірақ байқаған. Ақтілектің жазуын олар айна арқылы ғана оқи алады.
Фариза Дәрментаева, Ақтілектің анасы:
- Күнделікті мен оны қолынан өзім ұстап отырып, мектептегідей оң жағынан бастап жаздырамын. Ал өзіне «сабағыңа қарай бер, мен жұмыстарымды жасай берем» деп кетіп қалған кезде ол өз тілінде жаза бастайды. Бұл қандай жазу екенін де, не үшін былай жазатынын да түсінген жоқпыз. Бір күні дәптерді алдым, жазуды былай қарадым. Дәптерді ашып жарыққа қаратқан кезде, оң жазылған. Ал былай қарасақ, теріс жазу. Сол кезде түсіндік, бұл теріс жазу екендігін.
Ақтілек Мұратбаева, оқушы:
- Мен мектепке 5 жасымнан бастап бардым. Әріп танығалы бері осылай өз тілімде жазамын. Бізге апай мектептен үй тапсырмасын бергенде мен алдымен сол қолмен шимай қағазға жазамын. Ал апайға түсінікті болу үшін оң жағынан бастаймын.
Ақтілекке бұл қабілет сабақ оқуда қиындық туғызған емес. Ол сондай-ақ қос қолымен бір уақытта қатар жаза алады. Оң қолымен де, сол қолымен де жазған әріптері дәптерге бірдей түседі. Мамандар мұндай ерекше қабілеттің әлемде өте сирек кездесетінін айтады.
Елена Игина, психолог:
- Амбидекстрия қабілеті бар адам барлық нәрсеге жобалаушы көзімен қарайды. Яғни ол әр нәрсені жан-жақты, детальді қарастырады. Ақтілектің теріс жаза алуына аталған ерекше қабілет әсер етеді. Негізінен барлық адам амбидекстр болып туылады. Алайда уақыты келгенде адамдар сол немесе оң қолмен жазуды таңдайды. Әдетте баладан оң қолмен ғана жазуды мұғалімдер мен ата-аналар талап етеді. Ал Ақтілектің бұл тұрғыдан жолы болды. Жазуды еркін үйренген оның бас миы жартышарларының екеуі де бірдей дамыған.
Ақтілек сурет салып, ән айтудан да қатарының алды. Кейіпкеріміз болашақта қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болуды армандайды. Қазірдің өзінде облыстық, республикалық жарыстарда көркемсөз оқудан топ жарып жүр. Биыл III республикалық «Атадан мұра» байқауының мектепішілік деңгейінде ІІ орынға ие болып, Алматы қаласына жолдама алды.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев