Ертіс өңірінде соңғы бірнеше тәулікте тоғыз науқас инфекциядан жазылып шықты
Бұл – павлодарлық дәрігерлердің тынымсыз еңбегі. Бүгінде COVID-19 инфекциясымын күресіп, алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің жұмысы аса күрделі. Оларға міндеттелген жүктің салмағы ауыр.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Елімізде төтенше жағдай режимі тоқтатылғанына қарамастан, Ертіс өңірінде коронавирустық инфекцияны жұқтыру деректері тіркелуде. Осыған байланысты инфекционистер тобы күн-түн демей тынымсыз еңбек етуде. Ақ желеңділердің мақсаты бір – COVID-19 инфекциясының таралуын тоқтату.
40 жылдық еңбек тәжірибесі бар Салтанат Тайлақова – аймақтағы коронавирустық инфекцияны жұқтырудың алғашқы деректерін тіркеген эпидемиолог. Тәжірибелі маман екі ай бойы үздіксіз жұмыс істеуде. Бірнеше аптадан кейін құрметті демалысқа шықпақ. «Елге керегім болса, жұмысқа дайынмын», –дейді маман.
Салтанат Тайлақова, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының жетекші эпидемиологы:
- Біз мұндай жүйеге үйренгенбіз, эпидемиологиялық бөлім болған соң түрлі жағдайлар бола берді. Бірақ дәл осындай жағдай бірінші рет болып отыр. Еліміз жақсы болғаннан кейін бәрі артта қалады. Біздің бөлімде бәрі жастар. Өте мықты, ұйымшыл балалар. Жұмыста көмектеседі. Күн-түн демейміз, бірге істейміз.
Азат Шұманов, эпидемиолог:
- Тәжірибелі мамандармен бірге еңбек ету бір ғанибет. Коронавирустық инфекциямен күрес бір сынақ іспеттес. Бірақ біз мойымаймыз. Еңбекке дайынбыз.
Гиппократ антына берік, мамандығына адал, адам жанының арашасы. Бұл – 20 жылдық тәжірибесі бар инфекционист Жансұлу Дукаеваға қатысты айтылған жылы сөздер. Ол коронавирустық инфекция пандемиясы басталғалы бері алдыңғы шепте. Қатарластарының алды, ізін басқан жастарға үлгі.
Жансұлу Дукаева, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханасы инфекциялық госпитальдің меңгерушісі:
- Инфекционист мамандығын саналы түрде таңдадым. Мінезім сондай, оңай жолдарды іздемеймін. Бұл мамандық терапиялық салалар ішіндегі ең қиыны әрі ең ауқымдысы. Темірдей тәртіп пен күш-жігерді талап етеді. Бүгінгі жұмысымыз қауырт. Коронавирус инфекциясы аса күрделі әрі біз үшін жаңа. Сондықтан тез үйреніп, тәулік бойы жұмыстамыз.
Ал Орал Жөкебаев 30 жыл бойы гинекология саласында. Осы уақыт аралығында 15 мыңнан астам әйелді босандырып, бақытты сәттердің куәсі болған. Пандемия кезінде акушерлік-хирургиялық госпитальде жұмыс істеп жүр. Осы күндері COVID-19 инфекциясын жұқтырған төрт азаматша мен нәрестенің өміріне араша болды. Қазіргі уақытта ауруға шалдыққан баланың жағдайы тұрақты.
Орал Жокебаев, акушер-гинеколог:
- Екі ай бойы акушерлік-хирургиялық бөлімнен шықпаймын. Осы уақыт ішінде 61 әйелді босандырдық. 14 операция жасалды. Сонымен қатар коронавирустық инфекцияны жұқтырған төрт азаматшаны босандырдық. Жұмысымыз оңай деп айта алмаймын. Обаға қарсы киіммен жүру ыңғайсыз, бірақ шыдаймыз. Ауруды жеңуіміз керек.
Қазіргі уақытқа дейін облыста 181 науқас коронавирустық инфекциядан айықты. Бүгінде барлығы ауруханадан шығарылып, жақындарының ортасына оралды. Ал дәрігерлер болса халық игілігі үшін кез келген қиындыққа төтеп беруге әзір.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий