СҚО-да сапасыз салынған тасжол қабылданбады
Дәл жөнделмеген сәтіндегідей шұрық тесік. «Баз-баяғы қалпы», –дейді жолды өзі көріп келген әріптесіміз. Естеріңізге салсақ, бұл тақырыпты арнамыздың аймақтағы тілшілері көтеріп, бірнеше сюжет жасаған болатын.
Заградовка ауылының алты шақырым жолын жөндеуге бюджеттен 340 млн теңге бөлінді. Қып-қызыл қазына қаржысы. Бірақ, сапасы сай болмады. Құрылысшылар ойылып қалған жолды мамырдың 31-і тапсыруы тиіс еді. Істегендері мынау.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Құрылысшылар жолдың жиегіне 30 см асфальт төсеп, ұзартып кетті. Оның өзі қисық-қисық. Саусақтың ұшы тисе, үгітіліп жатыр.
Жолды қабылдауға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы, қоғамдық бақылау мүшелері мен сарапшы мамандар келді. Олар тағы да сынама алды. Асфальттің астындағы қиыршық тас үгітіліп қалды.
Жолдыбай Тентеков, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚОФ директоры:
- Төрт сынама алған кезде бір сынама сәйкес келді. Ал үш сынама келмеді. Сосын тығыздау коэффициенті шықпаған.
Жол қабылданбады. Бір қызығы, мердігер ұйымның есепшотына 340 млн теңге түгел аударылған. Енді оның қалай жұмсалғаны тексерілмек. Ол үшін сот-құрылыс сараптамасы тағайындалды.
Нұрлан Жахин, СЖҚІҚА облыстық департамент басшысының бірінші орынбасары:
- Қазіргі уақытта сол сынамалар негізінде бізге алдын ала залалдың сомасын көрсетіп береді. Соның шеңберінде біз ішкі аудит жасап, құзырлы орган бойынша қылмыстық іс қозғаймыз.
Құрылысшылар ойылған жолды жамап-жасқап қойған. Бірақ оның қашанға шыдайтыны күмән келтіреді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев