Алматы облысындағы Есік өзенінің суы тартылып жатыр
Өзен Есік қаласын қақ жарып өтеді. Демек оның жергілікті халық үшін пайдасы зор. Шаруалар мен саяжай тұрғындары да осы өзен суымен егіс, бау-бақшаларын суарып келген. Қазір олар да су тапшылығынан қиналып отыр. Кезінде арыны қатты Есік өзенінің қазіргі жағдайы осындай. Ол тау басындағы көл суларының есебінен толығып отыратын. Биыл Есік көлі де саяз. Сондықтан таудан келетін су жоқтың қасы.
Іле Алатауының шыңында жыл сайын көлді толтырып отыратын 32 мұздық бар. Әдетте маусым айында мұздықтар еріп, артық су Есік өзеніне жіберілетін. Ол егістік пен бау-бақша суаруға пайдаланылатын еді.
Бірақ жаздың алғашқы айы салқын болғандықтан, мұздықтар әлі ери қойған жоқ. Көлге құйылатын аздаған су жақын маңайдағы тұрғындардан артылмай тұр.
Динара Төлемісова, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Қазіргі уақытта Есік көліне секундына 4,4 текше метр су келіп жатыр. Соның 4,2 текше метрден астамы суаруға жұмсалады. Су болғандықтан жерге сіңеді. Бүгінде 3 текше метр су тапшылығы бар. Осы себепті су Есік өзеніне емес, шаруашылықтарға берілуде.
Мамандар қазіргі уақытта «нөлдік изотерма» деген сөзді жиі айтып жүр. Ол ауа температурасы теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікте салқын екенін білдіреді.
Еркін Ахметов, «Қазселденқорғау» ММ филиал басшысы:
- Әрине, бұл табиғаттың, ауа температурасының өзгеруіне байланысты. Бүгінгі таңда 3000-4000 метр биіктіктегі мұз көлдердің беті еріп, ашылмауына байланысты су көлемі кейде аз, ал кейде көп болып өзгеріп тұрады.
«Шілде айында күн ысыса, мұздықтар ери бастайды», – дейді мамандар. Бірақ Есік тұрғындарына су дәл қазір керек. Ал бұл күндері Алатаудың басын бұлт торлап тұр.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Шапағат Қуатбекова