Елордада 80 адам жансақтау бөлімінде жатыр
Бүгінгі статистика мынадай, бас қаланың ауруханаларында 1711 науқас жатыр, соның 80-і жансақтау бөлімінде. Өкпені жасанды жолмен желдету аппаратына қосылғандардың саны төрт есеге өскен. Жалпы астаналықтар саны – 1 млн 200 мың адам. Егер санитарлық нормалар сақталмаса, дәрігерлер де, аурухана төсектері де жетпей қалуы мүмкін. Бұл жайлы қалалық қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты.
Дерт дендеп барады. Коронавирустың күшейгенін әсіресе әлеуметтік желі бетінен байқауға болады. Қайнаған пікір, бір-біріне қарама-қайшы. Қаптаған кеңес, қайсысына құлақ асарын білмей, даурыққан халық.
Жағдайды шынымен бақылаудан шығарып алдық па? Елордада ауруханаға пневмониямен түсетіндердің саны күрт артты. Бас қаланың жұқпалы аурулар және уақытша ауруханаларында 1711 адам жатыр. Яғни ауруханалар 90% толды деген сөз. 80 адам реанимацияда жатыр. Өкпені жасанды желдетуге қосылған науқастар саны төрт есе өскен, олардың 91% орташа ауыр дәрежеде, 9% ауыр және өте ауыр жағдайда екен.
Сәуле Қисықова, Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Егер жыл басында күніне орта есеппен пневмониямен бес пациент келіп түссе, маусым айынан бастап ауруханаларға күн сайын орта есеппен 500 адамдай келіп түседі. Оның ішінде 90% орташа ауыр және ауыр күйде түседі.
«Қала тұрғындары қазіргідей жауапсыз, немқұрайлы жүрсе, дәрігерлер мен орындар жетпеуі мүмкін», –дейді Сәуле Қисықова. Тіпті италиялық сценарийдің қайталануы мүмкін деген қауіп бар. «Шұғыл шаралар қабылдау қажет», – дейді депутаттар да.
Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Коронавирусты анықтайтын тесттердің бағасы – 15 мың теңге. Соған қарамастан, оның жетіспеушілігіне өте көп шағым айтылып жатыр. Көптеген адам осымен үшінші ай табыссыз отырғанын ескеру керек. Тіпті Нұр-Сұлтанда тестілеу кезегіне кемінде екі күн тұруы тиіс. Осыған ұқсас хабарламалар Алматы, Шымкент, Павлодар, ШҚО, Түркістан қалаларынан келіп түсіп жатыр. Бұл Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктердің коронавирусқа қарсы іс-қимылды дұрыс ұйымдастырмағанын көрсетіп береді.
Қазір астанада сегіз зертхана тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. 170 мың тест жасалды, қолда 40 мыңы бар. Дәрігерлер коронавирустық инфекцияның нақты белгілері болмаса, тест тапсырмай-ақ қоюға кеңес береді. Қазақстандықтарды жетекші инфекционист сабырға шақырды. Оның ойынша, біздің түбімізге жететін вирус емес, үрей мен байбалам болуы мүмкін.
Динагүл Баешева, ҚР Жетекші инфекционист-дәрігері:
- Ал қазір біз осы күрес дағдысын ұстанып, тың амалды қолдана білуіміз қажет. Қазір жағдай өзгерді. Сол себепті күрес тәсілін де өзгертуіміз керек. Айналып келгенде бұл – вируспен соғыс. Вирус тактикасын өзгертуде. Біз де күрес тәсілін өзгертуіміз керек. Сабыр сақтайық. Даурығумен мәселені шешпейміз.
Өзгерген күрес тәсілі ойлағаннан анағұрлым жеңіл болып шықты. Коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарға дәрігерлер бірінші кезекте 500 мг парацетамол мен күніне бір рет аспирин қабылдауға кеңес береді.
Авторы: Гүлжан Марқабаева