Аягөзде төтенше жағдай жарияланды
Естеріңізге сала кетейік, аудан орталығы мен екі ауылда қатты дауыл соғып, құйын жүріп өткен еді. Алдын ала мәліметтер бойынша 7 адам зардап шегіп, 100-ден астам ғимаратқа зақым келген.
Алғашында алыстан көрінген құйын біртіндеп қалаға тақалып, орталық көшелермен жүріп өткен. Тіпті желдің күштілігі сонша, ағаштарды тамырымен қосып жұлып алған. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетіпті. Салдарынан 19 көпқабатты, 72 жер үй және 10 шақты әлеуметтік нысанға зақым келген.
Иіскүл Тамтықова, Аягөз қаласының тұрғыны:
- Біздің Ы.Алтынсарин көшесіндегі №17 үйдің шатыры толығымен ұшып кетті. Төтенше жағдайға байланысты аудандық әкімшілікке өтінішімізді жазамыз. Енді үмітіміз орындалып, тездетіп қалпына келсе екен.
Қатты дауылдан электр бағаналары құлап, сымдар үзілген. Соның кесірінен 10 мыңға жуық абонент жарықсыз қалды. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр, 700-ге жуық үй әлі де электр қуатынсыз отыр.
Дмитрий Титов, ШҚО ТЖД жетекшісінің орынбасары:
- Жағдайдың бәрі бақылауда. Жарықты қалпына келтіру бойынша 19 адамнан тұратын апаттық бригадалар күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Ал әкімдік жанынан құрылған комиссия әрбір нысан мен үйлерді аралап, шығындарды нақтылап жатыр.
Дәрігерлер көмегіне 7 адам жүгініп, оның алтауы жеңіл жарақаттарына байланысты үйлеріне жіберілген. Ал бір адам миы шайқалып, аудандық ауруханада ем алып жатыр. «Казгидромет» мәліметтері бойынша жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жететін дауыл облыс аумағында ертең де қайталануы мүмкін. Облыс әкімдігі табиғат апатынан келген шығындарды бір аптаның ішінде толық өтеп, қажет қаржыны бөлуді көздеп отыр.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Мерей Мұратханқызы, Берік Жобалайұлы