Атырау облысындағы инфекциялық ауруханада орын жоқ
Бүгінде мұнайлы өлкеде эпидем-ахуал мәз емес. Өңірде 1400-ге жуық адамнан індет табылды. Оның ішінде алғы шепте жүрген 62 медицина қызметкері де бар. Аймақ бойынша, сегіз науқас қатерлі вирустан көз жұмды. Ал мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің 80% қашықтан жұмыс істеуге жіберілді. Балабақшалар толығымен жабылды.
Өңірде соңғы тәулікте тағы да 17 адамның ауру жұқтырғаны анықталды. Эпидемиологиялық ахуал күрделі. Науқас саны сәт сайын артып отыр. Алайда оларды жатқызатын орын жетіспейді. 180 адамға шақталған инфекциялық стационарға бүгінде 200 науқас орналастырылыпты.
Жанар Досымбаева, облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары:
- Осы жағдайларды ескере келе, біз тез арада қосымша Махамбет ауданындағы бұрынғы туберкулезге қарсы күрес диспансерін дайындап жатырмыз. Яғни бұл жерде жүз орынға есептеледі.
Қатерлі дертке шалдыққан облыстың бұрынғы Бас санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев та осыған дейін инфекциялық стационарда ем қабылдаған еді. Бірақ ауруханадағы науқас санының көптігі мен орынның жетпеуі себебінен ол өзін-өзі оқшаулап, үйінен емделуге шешім қабылдаған. Оның айтуынша, алғашында ауру белгілері байқалмағанымен, бесінші күні дене қызуы көтеріліп, жөтел қысып, жайсыздық орын алған.
Темірбек Мұсағалиев, Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының директоры:
- Қойылған шектеулерге құлақ аспаудың кесірінен осындай жағдай орын алып отыр. Облыстағы ахуал күрделі. Өлім жағдайы да тіркеліп отыр. Тіпті күні кеше 40 жастағы жас адамның да көз жұмғанын білдік. Ауруханада орын жоқ. Сондықтан салғырттық танытпаған жөн.
Соңғы тәулікте облыс бойынша ауру белгілерінсіз 82 науқас тіркелді. Жалпы симптомсыз ауру саны 800-ден асып отыр. Оларға жасалатын арнайы ем-дом жоқ. Тек өзін-өзі оқшаулау керек. Ауру белгілері анықталғанда ғана ауруханаға жатқызылады. Ел іші дүрліккеннен бері дамыл таппаған дәрігерлер де қажыған.
Әсия Сейдешова, инфекционист дәрігер:
- Вирус анықталған күннен бастап, карантиндік режимде осы ауруханада жұмыс жасап жатырмыз. Алты сағат қызмет атқарсақ, демалып алып, қалған уақытта компьютермен қағаздарымызды жазумен өтеді. Және қандай да бір науқас түсіп жатса, ауыр жағдайда келіп жатқандар болса, қайтадан кіріп, науқастарды қарауға тура келеді.
Індеттің ілмегіне іліккелі бері өңірде 62 медицина қызметкері қауіпті дертке шалдықты. Оның 17-сі – екінші облыстық аурухананың жұқпалы аурулар стационарындағы қызметкер. Қалғандары – провизорлық және карантиндік стационарлардың, емханалар мен зертханалардың қызметкерлері.
Авторлары: Асланбек Шығыров, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин