ШҚО-да жұмыспен қамту бағдарламасына 77 млрд теңге бөлінді
Биыл бұл өңірде осы бағытта 817 жоба жасалып, оған 77 млрд теңге бөлінді. Осы қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік саланы әлдендіріп, халықты жұмыспен қамтып, өңірдегі инфрақұрылымды жаңартуға жұмсалмақ.
Жұмыспен қамту бағдарламасының шапағаты тиген мекемнің бірі – Өскемендегі сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығы. Мемлекеттен бөлінген 15 млн теңгеге бассейні толық жөнделді. Бұрын өте таяз болғандықтан бүлдіршіндерге судағы массаж дұрыс жасалмайтын.
Ольга Батуева, балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету қалалық орталығының директоры:
- Су бала денсаулығы үшін өте пайдалы. Бүлдіршіндердің денесі жеңілдеп, құрыс-тырысын жазып, қозғалуға өте үлкен септігі бар. Бассейн біз үш ең басты мәселе болған еді.
Қала сыртындағы Зимовьев арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жылу жүйесі биыл толық жаңаланатын болады. 1962 жылдан бері жамап-жасқаумен тұрған қазандық қайта салынып, ұзындығы 350 метр құбыры да ауыстырылды. Орталықтың шатыры да толық жөнделді. Жалпы әлеуметтік нысанды жаңартуға мемлекеттен 170 млн теңге бөлінді. Дәл осындай жөндеу жұмысы Өскемендегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына да жүргізіліп жатыр. Шатыры толық ауыстырылып, ауласы абаттандырылуда.
Баян Нәзбиев, Өскемен қалалық арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
- Біздің мердігердің айтуы бойынша, 15 шілдеге дейін бітулері керек. Бүгінгі күні 13 адам әлеуметтік жұмыспен қамту орталығынан келіп отыр. Қалған 30 адам – қарапайым жұмысшылар.
Қарапайым жұмысшылар үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» ерекше еңбек көзі болып тұр. Өңірде мемлекеттік бағдарлама басталғалы 300 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты.
Жасұлан Сәрсебаев, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
- Осы жол каратсы аясында облыс бойынша 385 әлеуметтік нысын жөндеуден өтеді. Оның ішіне әлеуметтік қорғау мәселесінің 24 нысаны кірген. Оларға жөндеу жасау үшін 2,2 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген.
Бөлінген қаражат аз емес. Оның нәтижесін халық көру үшін әр сала бойынша жасалған жобаның орындалуы қатаң қадағаланады. Яғни жөнделіп-өңделіп жатқан нысанға сол мекеме басшысы жұмысты үйлестіруге міндеттелген.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин