Үш мыңдай өзбек мигранты Қазақстаннан елдеріне қайта алмай отыр
Көрші елдің азаматтары өзбек билігі шекарадан өтуге қашан рұқсат береді деп күтіп шаршады.
Жасын Біркенов, тілші:
– Өзбек азаматтары жанын қоярға жер таппай отыр. Қазақстанға нәпақа іздеп келген үш мыңдай еңбек мигранты қазақ-өзбек шекарасынан өте алмай, екі апта бойы үйлеріне қайта алмай жүр. Бұл күрделі жағдай көршілердің қос бүйірінен қысты. Енді олардың өз билігіне өкпесі қара қазандай.
Өз Үкіметіне қабағын түйіп отырған өзбектер екі апта бойы далада түнеп жүр. Қазақ шекарашылары бұларға күннен қорған болсын деп, шатыр тігіп қойған. Бірақ оның өзі бәріне жете бермейді. Ал түнде қара жерге жатып жүрміз деп налиды олар. Кейбірі астына картон қағаздарын төсеп ұйықтайды екен.
Онсыз да ішер асқа зар болып отырғанда, мұндағы пысықайлар дүкендер мен дәріханаларда азық-түлік пен дәрілердің бағасын көтеріп жіберген дейді өзбектер. Қайта жергілікті тұрғындардың арасынан тегін тамақ таратып жүрген адамдар табылғанына көңілдері марқайып отыр.
Өзбекстан шекарасын пандемия салдарынан жауып тастаған. Енді өз азаматтарын да кіргізуге асығар емес. Күніне шекарадан небәрі жүздеген адам ғана өтіп жатыр. Шекарада кірбің тартқан қабақ көп. Өзбектерден бөлек, ойы онға, санасы санға бөлініп, не істерін білмей, тәжіктер де желкесін қасып қояды. Бұлар Өзбекстан билігі Тәжікстан шекарасына дейін дәліз ашады деген үмітпен отыр.
Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан