Жуырда «Хабар» арнасынан «Пәленшеевтер» телехикаясының ІІІ маусымы эфирге шығады
Жаңа маусым, жаңа хикаямен басталатын болды. Байқасаңыздар, актерлер құрамы да өзгерген. Телехикаяның бастауында тұрған режиссер де бөлек, мұндағы сценарий де өзгеше.
Шапағат Орынбаев, режиссер:
- Үш маусымды үш түрлі режиссер түсірді. Әркімнің өзінің қолтаңбасы бар. Ал жалпы Пәленшеевтердің әзілдеу стилі бір қалыпта болады. Көрерменге қалай ұнады, солай қалады. Ішіндегі кейбір кейіпкерлер жұмыс орнын ауыстырады. Жаңадан келетін кейіпкерлер де, отбасынан кететін кейіпкерлер де бар.
Үй іші береке мен күлкіге толы Пәленшеевтер отбасына бұл жолы ауылдан қонақтар көп келеді. Әрине әрқайсысының өз оқиғасы бар. Қонағын құт көрген шаңырақ өзара келеңсіз жайттарды да ақылмен шешудің жолдарын көрсетеді. Бірақ мұнда философиялық диалогқа қарағанда, көрерменді күлкіге қарық қылар әзіл шыны аралас әңгіме көп. Қазыналы қариялары мен үлгілі ата-анасы, тәрбиелі балалары бар бұл отбасы бүгінгінің айнасы іспетті.
Жасұлан Базарбек, актер:
- Бұл жерде барлығы өз ісінің мамандары. Мамандармен жұмыс істеген әрқашан рахат. Мысалы бала күннен армандаған, тек қана теледидардан көріп өскен Лидия Каденова, Жанар Айжанова, Бақытжан ағаларымыз бар. Сол кісілердің қасында ойнаудың өзі бір бақыт. Бір импровизация жасасаң, міндетті түрде жауап бере алады.
Комедия жанрындағы телехикая 30 бөлімнен тұрады. Әр бөлімдегі қызықты оқиғалардың толық нұсқасын жақында «Хабар» арнасының жаңа маусымынан көре аласыздар!
Авторлары: Алуа Маханбет, Валентин Лобанов