Қарағанды облысында электр желілері мен қосалқы станциялар жөнделіп жатыр
Жоғары кернеулі желілер мен қосалқы станцияларға жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Еліміздің барлық өңіріне ток көзін тасымалдайтын «KEGOC» компаниясының қарамағында 25 мың шақырым электр желісі мен 80 қосалқы станция бар. Қазіргі күні солардың басым бөлігіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін 1,7 млрд теңге қаржы бөлінген.
Ержан Аукешов, еңбек және өндіріс қауіпсіздігі қызметінің инженері:
- 2020 жылы 95 желі, 56 дана қосалқы станция жабдықтарында жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлап отырмыз. Осы жылдың қазан айында барлық жөндеу жұмысын аяқтап, 2020-2021 жылғы күзгі-қысқы мерзімге дайындық туралы төлқұжатты аламыз деп мақсат құрып отырмыз.
Қазір компанияда 4 мыңға жуық адам еңбек етеді. Олардың көпшілігі жоғары кернеулі желілермен жұмыс істейтіндіктен, қауіпсіздік шаралары мұнда қатаң сақталады. Жұмыскерлер қажетті құрал-жабдықтармен, арнайы киімдермен қамтамасыз етілген.
Артем Байткеевич, электр желісі қызметінің басшысы:
- Компанияда еңбек қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Мамандарымыз жұмысқа кіріспес бұрын арнайы нұсқаулықпен танысады. Ал олардың атқарған барлық шаруасы каскаға орнатылған камера арқылы бейнежазбаға түсіріледі.
Электр желісінде апат бола қалған жағдайда мамандарды жылдам жеткізу үшін жол талғамайтын техникалар алынған. Оның барлығы қысқа дайын. Қажетті қосалқы бөлшектер жеткізіліп, жанар-жағар май қоры жасақталған.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков