Павлодар облысының Железинка ауданында шағын мектептер жабылып жатыр
Мәселен, Раздельное елді мекенінде бар болғаны 22 үй, 40 шақты адам қалған.
Олардың көбі – зейнет жасындағы адамдар. Оқушылардың жоқтығынан ауылдардағы шағын мектептер жабылып жатыр.
Галина Сүлейменова Раздельное ауылында туып-өскен. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін 40 жылдай ұстаздық етіпті. Зейнеткер ауылдардың бос қалып жатқанына алаңдайды. «Мәдениет үйі, дүкен, медициналық пункт жоқ ауылда жалғыз ғимаратты қиратпай, басқа мақсатта пайдалануға болмас па еді?» деп налиды ол.
Бұл ауылдың іргесі сонау 1910 жылы қаланған. Бір кездері дүркіреп тұрған ауылда халық мал бағып, егіншілікпен айналысқан. Қайыңды орман қоршап тұрған жердің табиғаты ерекше. Бірақ жұмыстың жоқтығы адамдардың жаппай көшуіне себеп болды. Қазір бұл ауылда тек зейнеткерлер қалған. Мектепке баратын бала жоқ.
Галина Сүлейменова, Раздельное ауылының бұрынғы тұрғыны:
- Олар неге халықты ойламай, бәрін бұзып, алып кетті? Халық елден көшіп жатыр. Тұрғындар қамын ойласа, елді сақтауға көмектесулері керек.
Галина Сүлейменова ауылдың жайын айтып әкімдікке барыпты. Бірақ қабылдауына алдын ала жазылмаған зейнеткермен кездесуден аудан әкімі бас тартқан. Оның үстіне пандемия кезінде барлық қабылдау онлайн режимінде өтеді. Раздельное ауылына көрші тұрған Лесное ауылының да осы тектес тағдыры бар.
Болат Орымбаев, Лесное мектебі директорының орынбасары:
- Біздің мектепте бір кездері 300 оқушы болды. Қазір 40 бала қалды. Мен тұратын көшеде бұрын 20 үй болды. Қазір жалғыз менің үйім қалды. Бізде де мәдениет үйін, тұрмыстық қызмет көрсету үйін бұзып әкетті. Егер мектепті жабатын болса, оның ғимаратын сатып алғандар қиратып тастай ма деп қорқамын.
Галина Петрова – Раздельное ауылында қалған жалғыз жұмысшы. Әлеуметтік қызметкер қарияларға жәрдемдеседі. Жері шұрайлы өлкеден кеткісі келмейді.
Галина Петрова, Раздельное ауылының тұрғыны:
- Ауылымыз үлкен, өте жақсы еді. Мектептен басқа да ғимараттар бұзылып кетті. Әрине, ішіміз ашиды. Ауылдың жойылып бара жатқаны өкінішті. Біздің баратын жеріміз жоқ. Сондықтан мал бағып, күнімізді көріп отырмыз.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері мектеп ғимаратының заң жүзінде сатылғанын айтады. Оқушысы жоқ мектепті ұстап тұру білім бөлімі үшін тиімсіз.
Айгүл Мұқышева, Железинка ауданы әкімінің орынбасары:
- Мектеп жабылғаннан кейін оның барлық мүлкі Лесное мектебінің еншісіне беріліп, ғимараты аукционға сатылымға шығарылды. 2018 жылдың тамыз айында жекеменшік қожалық иесі сатып алды. Қазір мектеп ғимараты жеке адамның қолында.
Бүгінгі таңда Железинка ауданы бойынша 29 мектеп бар. Оның 26-сы шағын жинақты. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында оларды үлкен мектептерге біріктіру көзделіп отыр. Бұған оқушылардың аздығы себеп болған.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков