70 жылдан кейін Саумалкөлде балық тіршілік ете бастады
Жалпы аумағы екі мың шаршы метр болатын су айдынына биыл көктемде шабақтар жіберілген. Нәтижесі жаман емес. 20 күнде балықшылар су айдынынан 16 тоннадан астам балық аулады.
Петр Рудаков – Саумалкөл ауылының байырғы тұрғыны. Қария елді мекендегі көлде ерте кездері балық мекендегенін айтады. Бірақ тың игеруден кейін су айдынына шаруалар улы бидай төккен деседі.
Петр Рудаков, Саумалкөл ауылының тұрғыны:
- Егін бітік шығып, элеваторда жатқан астық шіри бастаған. Сонда кәсіпорын директоры оны осы маңдағы жарға төктіртіпті. Ал көктемде еріген қар суы тасып, ол көлге жайылған. Содан кейін суқоймасы бүлінді.
70 жылдан астам уақыт халық арасында «өлі» деп аталып кеткен көлді Андрей Ильин жалға алды. Кейін үш жыл қатарынан судың құрамын зерттеп зерделеген.
Андрей Ильин, көлді жалға алушы:
- Қорқыныш болды, әрине. Аумағы да екі мың гектарға жуық. Дегенмен ғалымдардың көмегіне жүгініп, суқоймасын барынша зерттедік. Уақыт өткен сайын оның суы аздап дұрысталып келеді. Тәуекелге бел буып, пелядь балығын өсіреміз деп шештік. Өйткені бұл балық ащы суда мекендей алады.
Жобаны жүзеге асыруға 4,5 млн теңгедей қаржы жұмсалды.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Аталған көлге көктемде шабақтар жіберілген. 4-5 айдың ішінде олар жақсы жерсенді. Балық аулау маусымының басталғанына да 20 шақты күн өтті. Соның өзінде балықшылар су қоймасынан 16 тоннадан астам су маржанын ұстапты.
Сергей Микотин, Саумалкөл көлінің қорықшысы:
- Шабақтарды Ресейдің Ханты-Мансийск қаласынан әкелдік. Карантинге байланысты шекаралар жабылып, біраз қиындық туындады. Дегенмен жоспарымыз жүзеге асты. Басында жергілікті тұрғындар «бәрі бекер» деп сенбеді. Бірақ балық аулап жатқанымызды көргенде таңғалып, қуанды. Бұл көлде балық өздігімен көбеймейді. Себебі суы тұщылау.
Алдағы қыста мұнда қар тоқтату жұмыстары жүргізілмек. Осылайша көл суы біртіндеп тұщыландырылмақ.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев