Маңғыстау облысында гендерлік теңдік тақырыбында пікірталас өтті
Қазақстан коммунистік халық партиясының Маңғыстау облысындағы бөлімшесі гендерлік теңдік тақырыбында пікірталас ұйымдастырды. Маңғыстауда мемлекеттік ұйымдардың 20% әйелдер басқарады екен. Бұл – еліміздің кейбір облысымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. «Тұрғындардың жартысынан көбін яғни 52% әйелдер құрайтын аймақ үшін бұл әлі де жеткіліксіз», – дейді пікірталасқа қатысушылар. Әйел – бірінші кезекте ана. Сондықтан да оның бойындағы мейірімділік, қамқорлық қасиеттері елдің әлеуметтік-саяси дамуына оң ықпал етері сөзсіз. «Олардың мемлекет ісіне араласуына қолдау көрсетілсе, қазақ әйелдерінің ішінен де Маргарет Тэтчер, Индира Ганди, Беназир Бхуттодан кем түспейтін тұлғалар шығады», – дейді коммунистер.
Роза Махамбетова, ҚКХП Маңғыстау облыстық филиалының бірінші хатшысы:
- Әйелдердің гендерлік теңдік мәселесін әртүрлі түсінетін қоғамда көзқарастар, қайшылықтар бар. Енді біздің пікірталасымыздан кейін ҚР Парламентіндегі депутаттарымыз әртүрлі мәселенің шешімін табу үшін Үкіметке сауалдарын жолдайтыны анық.