Алматыда автоконцерт фестивалі басталды
Шараны «The Cadillac Band» тобы ашып берді.
Рок-н-ролл стиліндегі музыканы тыңдау үшін көрермен жеке көліктерінен шықпай-ақ, көңіл көтерді. Ал ду қол шапалақтың орнына көліктердің дабылы естілді.
Бұл концерт әдеттегідей үлкен көрермен залында емес, ашық аспан астындағы автотұрақтың сахнасында өтті. Оған келген өнерсүйер қауым көлігінен шықпай, ән тыңдауы керек. Қала күні қарсаңында басталған фестивальде «The Cadillac Band» тобы екі сағаттан астам өнер көрсетті. Рок-н-ролл жанрындағы әндер көрерменге сонау 50-жылдарды елестеткендей. Табиғи дауыстағы әуезді әуен автотұрақ сахнасынан және көліктегі радиоқабылдағыш арқылы естіліп тұрды.
Келушілердің көңіл-күйіне қарап, олардың мәдени шараларды сағынып қалғаны байқалады. Бірақ пандемия кезінде халықты үлкен залдарға жинау әлі де қауіпті. Сондықтан кинотеатрлар мен концерттер осылай ашық аспан астында өткзіліп жатыр.
Мәди Мақажанов, «Тикетон» қызметінің өкілі:
- Барлық қауіпсіздік сақталған. Билеттерді ticketon.kz сайтына кіріп, сатып алады. Сусындар, поп-корнды да онлайн сатып алуға болады. Біздің жұмыскерлер де маскамен, қолғаппен жүреді.
Автокөлік концерттері Алматыда бір ай бойы өтеді. Осы уақыт ішінде операдан бастап, ауыр рокқа дейінгі түрлі жанрдағы он концерт болады деп жоспарланған.
Авторлары: Алуа Маханбет, Мұхит Құдықбаев