Семейлік өлкетанушылар Президентке ашық хат жолдады
Семейдің өлкетанушылары Мемлекет басшысының атына қаладағы қирағалы тұрған сәулет ескерткіштеріне назар аударуын сұрап, хат жолдады. Олар жаңа құрылыстардың кесірінен тарихи нысандардың жойылып жатқанына алаңдаулы.
Қаланың қақ ортасындағы Шәйжүнісов көшесінің бір бөлігі қоршауға алынды. 145 жылдық тарихы бар бұрынғы ЗОО ветеринариялық институттың ғимараты кез келген уақытта сүрілуі мүмкін. Көне ғимарат қабырғасында үлкен жарық пайда болғаннан кейін тәуелсіз сараптама жүргізіліп, апаттық жағдайда деп танылған. Осыған орай арнайы комиссия жарамсыз ғимаратты бұзу туралы шешім қабылдаған. Бұған өлкетанушылар қарсылық танытуда.
Павел Жуков, өлкетанушы:
- Қасына жаңа құрылыс салу үшін бұл әдейі жасалып отырған дүние. Ғимараттың солтүстік жағына топырақты үйіп тастағандықтан, қабырғада жарық пайда болды. Комиссия енді оны сүріп тастау туралы шешім қабылдап отыр. Бұл сылтау ғана. Белгілі сәулетшілер, құрылысшылар ғимаратты қиратпай-ақ, оны қалпына келтіруге болатынын айтуда.
Марат Сасанов, өлкетану қоғамының төрағасы:
- Біз тарихи мұраларымызды сақтауға құлықсыздық танытып отырған қала билігіне наразымыз. Ойлағандары тек бизнес. Қаладағы әдемі жерлердегі тарихи ғимараттарды сүріп тастап, орнына көп қабатты тұрғын үйлер тұрғызбақшы. Оған біз қарсымыз.
Қалада 34 тарихи-сәулет ескерткіші бар. Барлығы дерлік жекенің меншігіне берілген. «Сондықтан да олардың жағдайын әрдайым бақылау мүмкін емес», – дейді әкімдік қызметкерлері.
Нұрлыбек Рахымғалиев, сәулет бөлімінің сектор меңгерушісі:
– Егер қандай да бір тарихи ғимараттың иесі жөндеу жұмыстарын жүргізер болса, алдымен реконструкция жасауға рұқсат сұрап, біздің бөлімге өтініш жолдайды. Біз барынша бастапқы қалпын сақтауды, оны өзгертпеуді міндеттейміз.
Өлкетанушылар өткен ғасырдың басында салынған тағы бір сәулет ескерткішін сақтай алмады. Бірнеше жылдан бері апатты жағдайда тұрған Қазақстанның алғашқы телеграф ғимараты жақында тарихи ескерткіш деген мәртебеден біржола айырылды.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов