Павлодарда жетімдерді қолдау картасы әзірленеді
Мәселе – тұрғын үймен қамтуға қатысты. Айтуларынша, баспана кезегі тым баяу жылжып жатыр.
Ал әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын жетімдердің қатарында, кезектерін ондаған жылдар бойы күтіп тұрғандар бар. Күрмеулі мәселе, қалай шешілмек?
24 жастағы Анастасия Переварованың пәтер кезегінде тұрғынанына 10 жылдан асыпты. Отбасы үлгісіндегі балалар үйінің түлегі жатақхананың 13 шаршы метрлік бөлмесін жалдап тұруға мәжбүр. Тапқан-таянғаны баспана жалдауға ғана жетеді.
Анастасия Переварова, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Жетім балаларға тұрғылықты жері бойынша тіркелуге де мүмкіндік жоқ. Біз 27 жасқа дейін жастар үйінде тіркелеміз. Ал осы жастан асқан соң, күніміз қиындайды. 27 жасқа дейін баспаналы болуымыз керек. Бірақ кезек жылжымай жатыр. Ақпаратты жаңартып отырамыз, әзірге нәтиже жоқ.
Барар жер, басар тауы қалмаған азаматтардың жанайқайын тыңдаған жергілікті атқарушы билік мәселені шешудің жолдарын ұсынды. Олардың айтуынша, жетімдерге пәтер жалдауға субсидия бөліп, тұрғын үй сертификаттарын беру қажет. Әрі бұл санаттағы азаматтарды ипотеканың бастапқы жарнасынан босату керек деген бастама да көтерілді.
Ризабек Исабеков, «Ертіс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:
– Бұл мәселелермен Балалардың құқықтарын қорғау департаменті айналысқан еді. Мемлекеттік мекеме жабылып қалған соң жетім балаларды қолдау жағы ақсап қалғаны рас. Мәселені жан-жақты зерттей келе, үкіметтік емес ұйым құру керек деп шештік. Бүгінде жергілікті органдар бірлестік ашуға көмектесуге әзір.
Мәселенің мәнісін түсіну үшін кешенді зерттеу жүргізілмек. Арнайы жол картасы шеңберінде әлеуметтік санатқа жататындардың тізімі жасалады. Кешенді жоспар аясында коммуналдық меншіктегі пәтерлер тексеріліп, бос баспаналар кезектегі азаматтарға берілмек.
Алтынай Бектасова, Павлодар қалалық қаржы бөлімінің басшысы:
– «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес мүгедектер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, көпбалалы отбасылар мен ата-ана қамқорлығынан айырылған азаматтар кезек бойынша пәтер алады. Қолданысқа берілетін үйдегі пәтерлердің 20 пайызы осы санаттағы азаматтарға берілуі тиіс. Бар үміт – алдағы екі жылда қолданысқа берілетін баспаналарда.
Бүгінде облыс орталығындағы «Сарыарқа» және «Достық» шағын аудандарында тұрғын үй құрылысы қызу. Дегенмен, жыл соңына дейін бірде-бір әлеуметтік пәтер қолданысқа берілмейді. Айта кетейік, баспана кезегінде 15 мыңнан астам павлодарлық тұр. Олардың 2500-ге жуығы ана-анасының қамқорлығынан айырылғандар. Биылғы жылы не бары 27 бала баспаналы болды.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков