Қарағанды облысындағы үш ауылда құс тұмауына байланысты ресми карантин жарияланды
Осыған дейін карантин енгізу тек екі ауылда жоспарланған болатын. Соңғы екі тәулікте қырылған үй құсының саны тағы 40-қа артып отыр. Осыған дейін бұл құбылыс тек екі ауылда байқалса, енді тағы бір елді мекен қосылды. Осылайша жалпы саны 144-ке жетті. Мамандар көл-тоғандардың маңын зерттеген, нәтижесінде жабайы құстың өлімі тіркелмепті. Бұл ветеринар мамандарға жағдайды әлі де болсын уыста ұстауға мүмкіндік береді. Қазір облысқа жүз мың вакцина жеткізілген. Профилактикалық екпе тек Нұра ауданы емес, Абай, Бұқар жырау және Осакаров ауданының құстарына да салынып жатыр. Ал карантин жарияланған ауылдарға эпизоотикалық жасақтар келіп, құстарды жаппай қыру жұмыстарына кіріскен. Ережеге сай үй құстарының өтемақысын арнайы комиссия есептеп шығаратын болады.
Марат Мұхтаров, облыстық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының жетекшісі:
- Осы өңірлерде ережеге сай жұмыстар жүріп жатыр. Комиссия өз жұмысын бастады. Құс иелерінен құстарды алып, өртеп жатыр. Сонымен қатар статистикалық баға бойынша ақшалай өтемақы болады.