Арқалықта құс тұмауынан қырылған құс саны көбейді
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бағылымдағы 500 мың құстың 414 мыңы өлген. Қазір фабрика жұмысшылары өз күштерімен құс өлекселерін өртеп, залалсыздандырумен айналысып жатыр.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Арқалық құс фабрикасы қаладан 4-5 шақырымдай жерде жырақта. Сараптама қорытындысымен құс тұмауы расталғаннан кейін кәсіпорын бір апта бұрын карантинге жабылып, күні кеше мынандай блок-бекет орнатылды. Фабрика аумағына өз жұмысшыларынан басқаларға кіруге қатаң тыйым салынған. Кірген-шыққан көліктердің барлығы мына жерде мұқият залалсыздандырылады.
Құс шуынан құлақ тұнатын кең қоралар бүгінде қаңырап бос тұр. Әр жерде тау болып үйілген өлекселер. Ветеринарлық бақылау инспекциясының мамандары санап шығып, хаттама толтырғаннан кейін ғана, өлген құстар өртеледі. Сол аумақтық инспекциядан нақты шығынды білу бізге мұң болды. Анық нәрсені құпия қылып кімнен жасырады? Сол жағы түсініксіз. Ал жергілікті әкімдікке қарасты Ветеринария басқармасындағылар мұндағы нақты жағдайдан хабарсыз.
Қасқырбай Бейсенов, облыстық Ветеринария басқармасының бас маманы:
- Бұл жабық мекеме болып есептелгендіктен, мемлекеттік ветеринарлық инспекторлар ғана кіреді. Біз бұл жерден тек статистикалық мәлімет алып отырамыз.
Ал фабрика өкілдері камера алдында сөйлеуден бас тартқандарымен, қырылған құстардың саны 414 мыңға жеткендігін анық айтты. Ол құжатта да көрсетілген. Енді оның бәрін қалпына келтіріп, өндірісті қайтадан іске қосуға кемі 7-8 ай қажет екен. Бұл фабрикадан тыс Арқалық қаласына қарасты Фурманов және Целинный ауылдарында сол кеселден бірнеше үй құсы өлген. Қазір ол елді мекендерде карантин жариялау мәселесі қаралып жатыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг