Отандық ғалымдар медицина және ІТ салада осындай тың жаңалықтар ашты
Нәтижесі көңіл қуантады. Ал аудио арқылы өздігінен мәтін жазатын қосымшаның да көпке көмек болары анық.
Плазмадан бастап жалпы алты заттың қосындысынан жасалатын, құрылымы күрделі гель буын, жалпы сүйек ауруын емдеуде әмбебап дәрі болғалы тұр. Жоба авторы алғашқы өнімді зартханада қоянға сынап көріпті. Тиімділігі басым, ағзаға қауіпсіз екеніне көз жеткізіп барып ауруханаларға жіберілген.
Вячеслав Огай, жоба авторы:
- Бұл жобаны бастау идеясы 2015 жылы пайда болды. Ол кезде мен сүйек клеткаларымен жұмыс жасайтынмын. Қосымша зертеу сүйектің зақымданған аймағын анықтай отырып жеткілікті мөлшерде арнайы гель ексең күрделі жарақаттарды ешқандай операциясыз емдеуге болатынын көрсетті. Осы әдіс Елордадағы ауруханада 12 адамға қолданылды.
Міне, сол сынақтың нәтижесі. Бірінші түсірілімде сүйек сынығы анық аңғарылады. Арнайы екпе салынған соң сүйектің өсіп, бірігу процесі жүзеге асқан. Бұған дейін оны емдеу үшін екі операция жасалып, пластина орнатылатын.
Әсет Нұрахметов, дәрігер-ортопед:
- Әдетте қол-аяғы сынып, оның өспей қалу нәтижесін көрген кезде біз бір сүйегін емдеу үшін науқастың жамбасынан сүйек алып емдейтінбіз. Осы әдіс қолдау тауып жатса, біз жақсы жетістікке жетеміз деп ойлаймын. Экономикалық жағынан тиімділігі – осы әдісте науқастың ауруханада жату мерзімінің азаюы.
Айта кетейік, бұл – біз көрсеткен көп жобаның бірі ғана. Жалпы елімізде 386 ғылыми ұйым бар.
Жанна Құрманғалиева, ҚР БҒМ ғылым комитетінің төрағасы:
- Ол ұйымдарда 21 843 адам жұмыс істейді. Оның 17 мыңы – зерттеуші маман. Ғылым қоры аясында 156 жоба қазір қаржыландырып отыр. 2 млрд-тан астам өнім өндіріледі. Мыңнан астам жұмыс орны құрылған.
Бұл – осыдан екі күн бұрын жасалып біткен жоба. Жүйе айтылған сөзді санаулы сәтте мәтін түрінде мониторға теріп береді. Бұған дейін ағылшын және өзге тілдерде осындай қызметтің болғанын білеміз. Енді қазақша нұсқасы да қол жетімді.
Ерболат Хасанов, жоба жетекшісі:
- Біз базаға жинаған кезде біріншіден әдеби кітаптарды алдық. Екіншіден, биология, химия, физика, математика терминдері бар. Үшіншіден, «Хабар» сияқты жаңалық сайттарынан бүкіл мәтіндерін жинап алдық.
Жалпы жаңа жабаның жадысында 300 сағаттық жазба қоры бар. Ол әзірге бір айтқанда сегіз секундтық аудионы ғана теріп бере алады. Бірақ қолдану санына және айтатын сөзіңізге шектеу жоқ.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Жалпы қазақша сөзтаным жүйесі көзі нашар көретін, колы жарақаттанған, құлағы естімейтіндерге аудионың орнына жазбаша хабарлама жіберу үшін жасалған. Бірақ оның ауқымы әлдеқайда үлкен. Айтқан сөздің өздігінен жазылуы мен үшін де үлкен жаңалық. Себебі бейнематериалды көрсетумен қатар ондағы айтылғандарды теріп, арнаның сайтына орналастыруым керек. Демек, осы арқылы менің жазу жұмысым жеңілдеуі бек мүмкін. Бұл маған қатысты пайдасы. Ал әзірге пернетақтаны кәдеге жарата тұрамын.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Дәурен Жұрқабаев, Әлібек Әлиев