Қант қызылшасын 20 теңгеден қабылдау ұсынылды
Өңірдегі қос қант зауыты қазір оны 8 теңгеден алады. Мемлекет 10 теңгеден субсидия төлейді. «18 теңге деген тым арзан баға. Өйткені бір гектар тәтті түбір алқабын игеру үшін, шамамен 500 мың теңге шығын шығады. Қазіргі жағдайда ол өзін-өзі ақтамайды. Қызылша өсіретін шаруашылықтарға көмектесу үшін зауыт оны қабылдау құнына 1-2 теңге қосуы тиіс. Біз бұл ұсынысымызды Орталық аппарат пен Үкіметке жолдаймыз», – деді партия мүшелері.
Жетісу өңірінде биыл 16 мың гектар жерге тәтті түбір егілді. 500 мың тоннадан астам қант қызылшасы жиналмақ. Одан 42 мың тонна дайын өнім өндіру жоспарлануда.
Қанат Бекиев, «Ауыл» ХДПП облыстық филиалының төрағасы:
– Шаруашылықтар гектарына 300 центнерден алғанда, сонда ешқандай пайда көрмей қалады. Сол себептен зауыт 1-2 теңге қосса деген шаруашылықтардың ұсынысы бар немесе екінші жолы – мемлекеттің мүмкіндігі болатын болса, субсидияның деңгейін 1-2 теңгеге көбейтіп, сонымен 20 теңгеге сатып алу бағасы жетсе деген шаруашылықтардың ұсынысы бар.