Маңғыстау облысындағы шалғайда жатқан шағын ауылда пальма өсуде
Шөлейтті жерді жасыл баққа айналдырған мектеп ұжымы емдік өсімдіктерді де өсіре бастады. Жақында қызыл раушаннан «Қырдың хош иісі» деген атаумен иіссу да жасап шығарыпты.
Пальма, фикус, лимон, жүзім сынды Маңғыстауда өспейтін тропикалық ағаштардың барлығын осы жылыжайдан кездестіруге болады. Ерекше күтімді қажет ететін өсімдіктерді 2007 жылдан бері мектеп мұғалімдері мен оқушылары күтіп, баптап келеді. Арай Самалықова ботаникалық үйірмеге үш жылдан бері қатысуда. «Жасыл-желектің пайдасы зор, лас ауаны сорып, оттегі бөліп шығарады. Алдағы уақытта осында өскен ағаштарды бүкіл ауылға отырғызуды көздеп отырмыз, біршамасы сынақтан өтіп жатыр», – дейді ол.
Арай Самалықова, 8-сынып оқушысы:
- Маңғыстау ауданын білесіздер, шаңды жер, өсімдік жоқ, сол себепті біз осы жылыжайымыздың ғана емес, ауылдың да өсімдігін дамытуға кірістік. Қаладан, басқа жақтан болсын тұқымды әкеліп, еге бастадық. Қазіргі таңда осындай жағдайға жетті. Біз демалыс күндері қолымыз бос уақыт кезде күтіп, баптаймыз.
Ботаникалық үйірмеге жүзге жуық оқушы қатысады. Басым бөлігі түрлі байқау мен олимпиада жеңімпаздары. Олар жылыжайда ғылыми жұмыстар жүргізеді. Жақында қызыл раушаннан «Қырдың хош иісі» атауымен иіссу жасап шығарыпты. Емдік заттарға қажетті алоэ, кактус гүлдерін де өсіре бастаған.
Саясат Кемалова, биология пәнінің мұғалімі:
- Косметикалық бағытта қыз балаларға арналған түрлі ласьон, әжімге қарсы жасартатын кремдер жасауды дамытып жатырмыз. Оқушыларға қазіргі таңда үйретудеміз. Олардың барлығы біздің раушанның күлте жапырақшаларынан алынып жасалады. Кептіріп, бұдан шай, тосап жасауға болады.
Құмды жерді басып өтіп, жылыжайға кіргенде өзге әлемге енгендей күй кешесіз. Мұнда тропикалық ағаштардан өзге көкөністер де өсірілуде. Карантинге дейін мұнда өскен қияр мен тәтті болгар бұрышын асханада оқушыларға берілетін тағамдарға пайдаланған. Ал бөлме гүлдері мектептің ішіне әр беріп тұр. Мектеп ұжымы демеуші табылса, болашақта ғылыми зертхана ашып, жылыжайды кеңейтуді көздеп отыр. Бұл жоба ауыл балаларының экологиялық мәдениетін қалыптастырып, өңірді жасыл-желекке бөлеуге мүмкіндік бермек.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев