+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Junior Eurovision 2020: Қарақат Башанова «Forever» әніне клип түсірді

  • Категория: Қоғам
Junior Eurovision 2020: Қарақат Башанова «Forever» әніне клип түсірді

Түсірілім Алматыда өтті. Жас өнерпаз дәл осы әнімен қазылар алқасын тебірентіп, Ұлттық іріктеуде жеңімпаз атанған болатын.

Түсірілім алаңында жұмыс қауырт. Режиссер мен операторлар, жарық берушілер қызу дайындалуда. Клип робот пен видеоконтентті біріктіретін декорация жасауға арналған рирпроекциямен түсірілді.

Қарақат та уақытын текке өткізбеді. Қазір ол музыкалық мектептің 6-сыныбында оқиды. Мамандығы – скрипкашы. Сондықтан аздаған үзілістерде аспабын қолына алып, жаттығуға тырысады.

Қарақат Башанова, Ұлттық іріктеудің жеңімпазы:

- Дайындық ойдағыдай жүріп жатыр. Бәрі жақсы. Кішкене қобалжу бар. Бірақ ойдағыдай өтеді деп ойлаймын. Қазір түсірілім болып жатқан кезде кішкене сабаққа үлгермейсің.

Клипті режиссер Мәлік Зәңгір түсірді. Сценариін де өзі жазған. Бұған дейін ол Ғалымжан Молданазар, Диас Абылаев секілді әртістермен жұмыс істепті. Бұл бейнебаянда жеті жасында әкесінен айырылып, оған бір ән арнауды армандап жүрген қыздың тарихы баяндалады. Режиссер жауынгер, ғарышкер және өрт сөндірушілердің өмірін көрсете отырып, әке мен қыз арасындағы махаббатты суреттейді. «Бұл – қауіпті мамандықты таңдап, үйлеріне қайта оралмай қалған әкелеріне деген балаларының сағынышы», – дейді режиссер.

Мәлік Зәңгір, режиссер:

- Клиптің сюжеті күрделі емес. Бұл – әкеге деген арнау, әкеге деген сағыныш. Сондықтан көріністерді әннің мазмұнын байыта түсетіндей етіп таңдадық. Уақыт тығыз. Бірақ барлығын үлгереміз.

Әдетте клип түсіруге 1-2 апта кетеді. Бұл жолы шығармашылық топқа жұмысты барынша тез аяқтауға тура келді. Қарақат Башанованың «Forever» әніне түсірілген бейнебаянын Junior Eurovision Song contest 2020 байқауының ресми сайтынан келесі аптадан бастап көруге болады.

Қарақат Башанова, Ұлттық іріктеудің жеңімпазы:

- Маған дауыс беріңіздер. Өйткені мен осы әлемдік аренада өзімді, Қазақстанымыздың атын лайықты ұстауға уәде беремін.

Байқаудың шешуші кезеңі 29 қарашада өтеді. Әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты европалық хабар тарату одағы жарысты байқауға қатысушы елдерде телекөпір арқылы өткізуді ұйғарды. Қазақстан бұл өнер сайысына биыл үшінші рет қатысқалы отыр. Қарақат 12 елдің жас өренімен сынға түседі. Жеңімпаз қазылар алқасының және көрермендердің онлайн дауыс беруі арқылы анықталады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов

Сондай-ақ...