Павлодар облысында майшабақтарды құтқару акциясы басталды
Әйтпесе қыстың көзі қырауда көлшіктер мұз құрсанғанда судағы шабақтар тұншығып, қырылып қалуы әбден мүмкін.
Қарапайым ау, пластикалық бөшке мен шелектер. Бұл – балықтарды құтқаруға қажет құралдар. Осы тектес шағын көлшіктер мыңдаған шабақтың мекеніне айналған. Оларды үлкен су айдындарына бағыттамаса, қырылып қалады.
Геннадий Ткачев, табиғат жанашыры:
- Бұл су тоғанында тек мөңке балық тірі қалады. Себебі осындай жағдайда тіршілік етуге бейімделген. Батпақта да өмір сүреді. Оттегіні көп қажет етпейді. Ал қалған су маржандарын құтқару керек.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Павлодар облысындағы балық шаруашылығының жағдайы мәз емес. Қазіргі таңда біздің аймақта 300-ден астам өзен-көлдің небәрі 10% балық шаруашылығы субъектілеріне бекітілген. Ал осындай шағын көлшіктер қараусыз қалып жатады.
Өзен жайылымында оқшауланған көлшіктер жүздеп саналады. Ғалымдардың айтуынша Ертіс аумағындағы су айдындарының барлығы дерлік қатады. Бұл шабақтар үшін қауіпті. Тоған тарылса, бағалы балық түрлері тұншығып қалады. Дегенмен олардың барлығын құтқару мүмкін емес. Сала мамандары мемлекеттік деңгейдегі қолдау қажет дейді.
Серік Әпсалықов, облыстық жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
- Мемлекеттік бағдарлама қажет. Сонда балық шаруашылығы түлеп, экологиялық мәселелер туындамайды. Қаржыландыру жағы қарастырылса, балықтарды құтқарумен арнайы бригадалар айналысар еді. Қазіргі кезде резервтегі көлдер қараусыз қалуда.
Өңірдің ихтиофаунасындағы балықтың 70% су айдындарын тазартуға қауқарсыз. Өзенді батпақтанудан сақтау үшін бағалы балық түрлерін көбейту керек.
Жасұлан Жұмашев, облыстық ЖҚПҚОСР басқармасының бөлім басшысы:
- Бізде өзен мен көлдердің өсіп кетпеуіне арналған осындай шараларды атқаратын 27 субъект бар, оларға 57 көл тіркелген.
Биыл Баянауыл ауданындағы Сабындыкөл және Торайғыр көлдеріне құнды балықтардың 145 мың шабағы жіберілген. Ал келесі жылы Ертіс өзеніне тұқының 45 мың данасы босатылады. Бұл игі шараға 3 млн теңге қарастырылған. Мақсат – өзен-көлдердің экологиялық тепе-теңдігін сақтау.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков