Қостанайлық сүт өнімдері Қытайға экспортталады
Осы мақсатта Рудный сүт зауытында жаңа желі іске қосылмақ. Оған қажетті құрал-жабдықтар жыл аяғына дейін сатып алынады. Бірінші кезекте қытайлықтарға бүгінде зор сұранысқа ие «Таң» сусыны ұсынылады. Оның алғашқы дегустациясын Шанхайда келесі айда өткізу жоспарланған.
Бес жыл бұрын ғана Рудный сүт зауытының өндірістік қуаты қазіргіден екі есе кем болатын. Бүгінде мұнда тәулігіне 70 тонна сүт өңделеді.
Шикізатпен өңірдегі екі ірі шаруашылық қамтамасыз етеді. Кәсіпорын сүт өнімдерінің 60-тан астам түрін өндіреді. Өздерінің жеке технологияларымен шығаратын қатық, көже, сүзбе, қаймақтары ел ішінде кең танымал.
Юлия Бондаренко, технолог:
- Біздің фирмалық өніміміз – қайнатылған сүт. Оны ұзақ дайындап, өндіріске енгіздік. Еңбегіміз ақталды. Қазір қайнатылған сүтке сұраныс жоғары. Және күннен-күнге артып келеді. Одан бөлек біз ашытылуы ерекше айран шығарамыз.
Карантин кесірі кәсіпорынға тие қойған жоқ. Йогурттың өтімділігі сәл төмендеген. Ал сүт, айран сатылымы бұрынғы денгейде. Жақында тұтынушыларға жаңа өнім түрі ұсынылмақ. Әртүрлі дәмде сүзбе жасалатын болады. Сондай-ақ биыл жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, «Таң» сүт қышқыл сусынын дайындайтын үшінші технологиялық желіні іске қосу жоспарланып отыр. Ондағы мақсат – осы өнім түрімен Қытай нарығына шығу.
Александр Лигай, сүт зауытының директоры:
- Қарашаның 5-і мен 19-ы аралығында Шанхайда халықаралық көрме өтеді. Соған қатысып, өз өнімдерімізді таныстырамыз. Ол жақтан да әріптестер тауып, тұтынушылар талғамынан шығамыз деген ойдамын.
Ал әзірге Рудный сүт зауыты өз өнімдерін Ресейге экспорттап жатыр. Свердлов, Челябі облыстарына және Уфа қаласына өндірілетін өнімдерінің 10% жібереді. Енді Қытай нарығы ашылса, бұл көрсеткіш еселеп артары анық.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг