Хабар телеарнасы

ШҚО-да хабарлықтар көтерген көптеген мәселе өз шешімін тауып жатыр

Іргетасы өткен ғасырдың басында қаланған көне ғимараттың құлағалы тұрғаны жөнінде 15 жыл бұрын мәселе көтеріліп, жаңа білім ошағы пайда болған еді.

Бүгінгі жас ұрпақ кешегі қабырғасы сөгіліп, іргетасы бұзыла бастаған көне ғимарат жөнінде расында көп біле бермейді. Тек мектеп музейіндегі бірлі-жарым сурет болмаса, қазір оның орнында заман талабына сай жаңа мектеп шәкірттерді білім нәрімен сусындатуда.

Қуаныш Дәуенов, ардагер ұстаз:

– Осыдан 15 жыл бұрын келіп, біздің қандай ғимаратта білім алып жатқанымызды, қандай жағдайда отырғанымызды көріп, түсірген еді. Соның жетістігі деп ойлаймын, балаларымыз білімді болып жатыр, жақсы жетістіктер көрсетіп жатыр. Ауылымыздың халқы да риза. Биылғы оқу жылында да мектептің жақсы жетістігі көп. Аудан бойынша ең жоғарғы 119 балды Болатбекова Айдана алып, жақсы жетістіктерге жетіп отыр. Материалдық база оқушылардың білім алуына үлкен ықпал етті.

Бүгінде ауыл мектебінде 200-ден астам оқушы білім алып жатыр. Олардың барлығы да сапалы білім алып, саналы тәрбие сіңіріп, ел болашағына адал қызмет етуді армандайтын ұрпақ.

Айбота Бірлесханқызы, 4-сынып оқушысы:

– Ғылым таппай мақтанба,

Құмарланып шаттанба.

Ойнап босқа күлуге.

5 нәрсеге асық бол,

5 нәрседен қашық бол.

Адам болам десеңіз,

Тілеуің өмірің алдыңда.

Мен осы Абай ата өсиетіндегідей болашақта сабағымды жақсы оқып, Қазақстанға жақсы еңбек сіңіргім келеді.

Ержан Сабырбаев, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары:

– Облыс орталығынан 460 шақырым арақашықтықта болсақ та, соның өзінде төтенше жағдайлар болса да, басқа да қиыншылық кездесер болса да ең бірінші табылатын «Хабар» Агенттігінің азаматтарына алғыс айтамыз. Тиісті жұмыстарын атқарып, халыққа келіп, өзінің пікірлерін айтып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап жатқан азаматтарға алғысымыз шексіз. Халық пен биліктің ортасындағы алтын көпірге жұмыс жасауларыңызға тілектеспіз!

Жүздеген шақырымдар жүріп, мыңдаған мәселелерді шешуге талпынған тілшілер жұмысы жеңіл емес. Десе де түйткілдердің түйіні тарқап, халықтың алғысын алудан зор бақыт жоқ!

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы