Шымкенттегі дәрі-дәрмек зауыты өнім көлемін арттырды
Дәл осындай Шымкенттегі дәрі өндіруші ірі кәсіпорын жұмыс кестесін күшейтті. Фармацевтикалық алпауыттың RND зертханасы қазіргі уақытта 51 жаңа дәрі-дәрмек жасап шығаруда. Олар әзірге отандық нарықта жоқ. Сондай-ақ зауыт пандемияның екінші толқынына дайындық кезінде антибиотиктер өндірісін де арттырып үлгерді.
Осы зауыттың білікті мамандары жаңа дәрі-дәрмектерді жасап шығаруда. Жақында ол препараттар конвейерден шығады. Ең бастысы – дәрі-дәрмек кәсіпорнында жеке ғылыми-зерттеуге арналған зертхананың болуы стратегиялық маңызды мәселе.
Вероника Симофеева, RND департаментінің директоры:
– Қазіргі уақытта біз әртүрлі генерикалық дәрілерді жасап жатырмыз. Бұл неврология, кардиология, терапевтикалық салаларға қажетті өнімдер. Енді әрбір азаматқа отандық жоғары сапалы дәрілерді сатып алу мүмкіндігі бар.
Фармацевтикалық зауыттың импортты алмастыру ісі бұрыннан жолға қойылған. Бірақ дәрі-дәрмектің негізгі шикізаты шетелден әкелінеді. Ал мұндағы көптеген шеберханаларда таза ауа және ең жақсы жабдықтармен қамтылған.
Рустам Байгарин, зауыт директоры:
– Қазір біз екінші толқынға жақсы дайындықты бастап жатырмыз. Яғни бізден сатып алуды мемлекет жүргізіп жатыр. Қосымша тапсырыстар да жеткілікті. Біздің өндіріс алға жылжып келеді.
Шымкенттегі компаниялардың бірі пандемияға байланысты медициналық арнайы қорғаныш киімдерін тігуді 40 есеге дейін көбейтті. Бүгінгі таңда кәсіпорын ай сайын 50 мың дана қорғаныш құралдарын шығаруда. Зауытта 120 адам үш ауысыммен жұмыс істейді. Олар жұқпалы аурулармен күрес кезінде бір және бірнеше рет киюге арналған арнайы киімдер тігуде. Мұнан бөлек медициналық бетперде тігу желісі де тынымсыз жұмыс атқаруда.
Дінмұхамед Бөбеш, компания директоры:
– Біздің өндірістік цехта бір реттік және көп реттік қолданылатын арнайы қорғаныш киімдерін шығарамыз. Көп реттік қолданылатын ол мақтадан тігіледі. Ал бір реттік қолданылатын қорғаныш киім жіптен тігіледі. Сонымен қатар медициналық дәкеден бетперделер де шығарамыз.
Сұраныстың артуына байланысты компания енді тағы бір өндірістік желіні іске қосуға әзірлік жасап жатыр. Оған қажетті қондырғылар мен құрал-жабдықтар сатып алынуда. Жаңа желі іске қосылған соң өндіріс қуаты қазіргіден тағы 2 жарым есеге артады. Зауыттағы жұмысшылар саны мың адамға жетпек. Дайын өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да шығарылмақ.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов