«Хабар» арнасына 10 жыл жарықсыз отырған аудан тұрғындары шағым айтты
Одан бөлек, көпшілікті жолдың нашарлығы және арық жүйелерінің жоқтығы да мазалайды. Ауызсу проблемасы да өзекті болып тұр. Көкейкесті мәселесін бірнеше жылдан бері шеше алмай жүрген жұрт арнамызға хабарласып, базынасын айтты.
Алаңдаушылықпен күн кешіп жатқан тұрғындарға кезінде жер телімдері инфрақұрылымдық жүйесі жүргізілмеген күйі берілген. Сондықтан олар электр желісіне өздері қосылыпты. Әрбірі жеке сым тартқандықтан онысы салбырап, бағаналары майысып кеткен. Тіпті тоқ бірінің қорасына, ал көпбалалы ана Ақмарал Айтышева тұратын үйдің қоршауына тиейін деп тұр.
Ақмарал Айтышева, қала тұрғыны:
– Міне, тоқты қараңызшы, есік ашылмай қалады. Ал менің кішкентай балаларым бар. Ал мына жерде «Күншуақ» балаларды оңалту орталығы тұр.
Ақжарқын Ходжиева, қала тұрғыны:
– Бағана қойғанбыз, көршілердің барлығы соған тоқтарын іліп қойған. Солар салбырап тұр. «Балаларға ол жерге бармаңдар», – деп есіміз шығады. Жел соқса, свет өшіп қалады.
Ауызсуды да тұрғындар орталық жүйеден өздері тартқан. Сол себепті көшеге бір емес, бірнеше құбыр төселіпті.
Мейрамхан Нүкебаев, қала тұрғыны:
–Қазір түгеліміз мынандай пластикпен тарттық. Қазір бірдеңе қазса, талай үй шығын болады.
Бұл ықшам ауданға жаңадан үй салынғандықтан қиыршық тас төселген жол мен бұрынғы арық жүйелері тегіс бұзылған. Соның салдарынан тұрғындар бау-бақша егетін судан да қағылып отыр.
Күләш Дубекова, қала тұрғыны:
– Арықсыз, сусыз қалдық. Мен үш жыл қатарынан әкімшілікке жеке өзім бардым. Арқамнан сипап, жымиып күлімдеп шығарып салып жүрді. Үш жыл күттім. Қысқасы, бізге арық шығарып, бұрынғыдай суымызды ала алатындай қылып, бау-бақшамызды суара алатындай қылып берсін.
Жұмыс күніне қарамастан көкейкесті проблеманы көтеру үшін тұрғындардың көбі жиналды. Олар арыз-талаптарын қағаз бетіне түсіріп, қол қойды.
Ғалия Тайболатова, қала тұрғыны:
– Су, свет, канализация, арық жолдың мәселесі, соның бәрі осының ішінде. Содан кейін остановканың проблемасы. Түнімен жастар осы жерде болады. Жаздай немерелермен осы жерге шығудың өзі қорқынышты болады.
Белсенділер өтінішті қалалық әкімдікке апарып тіркетті. Жауаптыларды өздері тұратын оңтүстік-шығыс ықшам ауданына ертіп келіп, қалыптасқан жағдайды көрсетті. Инфрақұрылым жүйесі қашан тартылатынын да сұрап білді.
Нұрым Әлиұлы, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
– Проект жасауға ақша сұрап жатырмыз. Бұйырса келесі жылы ақша берілгеннен кейін электр қуатын тартуға проект дайындаймыз. Проектке төрт көше кіреді. Ақжазық, Көкжазық, Гүлдала тағы бір көше. Содан кейін бұл көшеге электр желісін жаңалап, тартып береміз.
Осылайша көпшіліктің өзекті мәселесіне қозғау салынды. Енді тұрғындарға электр тоғына ешкімнің түспеуін тілеп, келесі жылға дейін инфрақұрылымдық жүйенің тартылуын тосуына тура келеді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов