Оңтүстіктен солтүстікке көшетін отбасыларға жәрдемақыны екі есеге арттыру нәтиже бере ме?
Себебі оларға берілетін субсидия көлемі екі есеге дейін артады.
Оның үстіне, өз ісін бастауға да мемлекет барынша жағдай жасап отыр. Тек биылдың өзінде Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған 100-ден аса азамат кәсіп ашып үлгерген. Ал келер жылы аймақта оларға деп 700-ге тарта баспана салынбақшы.
«Жас келсе іске». Марат Сүйінбаев осы қағиданы ұстанады. Өз ісін дөңгелету үшін оған 5 миллион теңгеден астам қайтарымсыз грант берілді. Бұдан бөлек, жеңілдетілген несиеге де қол жеткізді. Қаржының бір бөлігіне дүкен салды. Енді жарық тартып, жақын күндері оны іске қоспақ. Тағы да шағын наубайхана мен пластикалық терезе жасайтын цех ашу жоспары бар.
Марат Сүйінбаев, Чириковка ауылының тұрғыны:
– Енді қыстың күні нан әкелушілер сәл кешігіп қалады. Күн тайғақ болып қалады мысалы. Есесіне мына жерде ыстық нан бар. Халық келеді, наннан қиналмайды. Айтып отырмын ғой, мына маңда дүкен жоқ. Әкімшіліктен зейнетақы алады, осында келеді. Жастар отырады, летник істеп қойдым. Мынау – ТОО. ТОО-ға өтіп бара жатқан адам кіріп бір суын алса да, сауда ғой.
Марат жанұясымен бірге өткен жылы Түркістан облысынан қоныс аударды. Балалары балабақшаға қабылданды. Ал отбасыға жаңа баспана берілді.
Сымбат Қарбозова, Чириковка ауылының тұрғыны:
– Жақсы қарсы алды. Көршілеріме рақмет. Бәріне көмектесті. Өзіміз жер аударғымыз келді. Осындай программаны естідік, жолдастарымыздан. Барып көрейік, нар тәуекел деп келдік. Енді келгенімізге өкінбейміз.
«Еңбек» бағдарламасы бойынша көшіп келетін отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі. Келер жылы бұл көрсеткіш екі есеге дейін артпақ.
Нәзерке Тасқұлова, Жұмыспен қамтуды үйлестіру, әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз хатшысы:
– Президентіміз жұмыс күші көп өңірлерден көшіп келетін азаматтар үшін субсидияны екі есеге арттыру мүмкіндігін қарастыру бойынша тапсырма берген болатын. Бұл азаматтардың қоныс аударуға ниетін үлкейтіп, жағымды сипатта болады деген ойдамыз. Облысымызда қазір мыңнан астам бос жұмыс орындары бар.
Иә, өңірге әлі мұғалім, дәрігер, ауыл шаруашылығы саласының мамандары тапшы.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев