Хабар телеарнасы

Қостанайда кәсіпкерліктің әлеуеті артып келеді

Бір ғана «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша тоғыз айдың ішінде өңірде 310 жоба қаржылай қолдауға ие болды. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтырғыдан жүз жобаға көп.

Түрлі тәттілер пісіруге жастайынан әуес Зәуреш Байтурина «Бастау бизнес» курсынан өтіп, қолындағы аз-мұз ақшасын өндіріске салды. Бір жыл бұрын бастаған ісі бүгінде өз жемісін бере бастады. Қазіргі кезде Зәурештің шағын цехы кондитерлік өнімдердің 30-дан астам түрін шығарады.

Зәуреш Байтурина, кәсіпкер:

– Қазір біз наубайхананың бір бөлігін жалға алып отырмыз. Алдағы уақытта жеке ғимарат сатып алу ойымызда бар. Яғни өндірісті әлі де кеңейте түссек дейміз.

Екінші кейіпкеріміз – кәсіби тіс дәрігері. Біраз жыл емханаларда жұмыс істеген. Ол да кәсіпкерліктің алғашқы әліпбиін «Бизнесте бастау» курсында меңгеріп, жеке стоматологиялық кабинет ашты. Бүгінде алты адамды жұмыспен қамтып отыр.

Зайра Досанова, кәсіпкер:

– Алдағы жоспарымыз ауқымды. Талапты жас дәрігерлерді жұмысқа алып, бірнеше медициналық қызмет түрін көрсететін клиника ашуды мақсат етіп отырмыз.

Әрине, кәсіпкерлікті бастағандардың бәрі бірдей аяғынан қаз тұрып кетті деуге болмас. Бірақ мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек-қолдау оларға үлкен демеу. Сондықтан болар қазір жеке ісін ашуға ынталы адамдар көп.

Жасұлан Қаленов, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

– Кәсіпкерлікті дамыту үшін бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Соның ішінде – «Бизнестің жол картасы-2025». Оған 4 миллиардтан астам қаражат бөлінді биыл. Соның ішінде 1 қазанға дейін қарағанда бізде 310 жоба мақұлданды. Оның өсуі 64,5 пайыз болып тұр.

Алдағы қараша айында «Бизнестің жол картасы» аясында қайтарымсыз грант иегерлерін анықтаудың екінші байқауы өтеді. Оған қосымша 100 миллион теңге бөлініп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг