Ресеймен шекаралас ауылда интернет мәселесі шешілмей тұр
Шалғай елді мекенде орталықтандырылған су, көше жарығы да болмаған. Ауылдағы ағайын үшін ұялы телефон байланысы да арманға айналған бүгінде.
Бұрынғы Северное, қазіргі Сынтас ауылында кезінде су да, жарық та болған. Бүгінде елді мекенде әлеуметтік нысандардан мектеп пен Мәдениет үйі ғана қалған. Бұл – білім беру ошағы. Түсірілім тобын мектеп әкімшілігі санитарлық нормаларға сай қарсы алды.
Сабақтар да санитарлық нормаларды сақтап, жүргізіліп жатқанына көз жеткіздік. Мектеп мамандары күнделікті кезекшілікпен жұмыс істейді.
Асылбек Исмаилов, Шарбақты ауданы сынтас ауылы орта мектебінің директоры:
– Сәуірден бері онлайн режимге көштік. Интернет байланысы өте әлсіз. Бұл жұмысымызға кедергі. Сондықтан қазіргі уақытта жетекшілігімізден штатты режимге көшуге өтініш білдірдік.
Мектепте ғаламторға байланысты мәселе жоқ болып шықты. Оқу орны орталықтандырылған жүйеге қосылған. Оның жылдамдығы «Күнделік» және «BILIM Land » білім беру платформаларымен жұмыс істеуге жеткілікті. Бірақ мектеп ғимаратынан бір қадам аттасаңыз, интернет жоғалып кетеді. Оқушылар сабақ қарай алмай әлек.
Архат Баисов, оқушы:
– Интернет ұстамайды. Сабақ қарай алмаймыз. Дұрыс оқығымыз келеді.
Бұл мәселе оқушыларды ғана емес, ауыл қарттарын да алаңдатып отыр. Интернетті ұстау үшін түрлі роутерлер мен модемдерді орнатқан. Бірақ нәтиже жоқ.
Қапсамат Баисов, зейнеткер:
– Жарты сағат, кейде жарты күн жүктеледі ғаламтор. Ал ұялы телефонмен хабарлассақ, ресейлік операторлар кедергі келтіреді. Өзіміздің ұлттық операторымызға хабарлассақ, мардымды жауап ала алмадық.
Ауылдықтардың мәселесін қоғамдық ұйым өкілдеру шешуге ниетті. Қазіргі уақытта бастамашыл топ ауылдағы жағдайды сараптап жатыр. Бірқатар олқылықтарды анықтап, жауапты органдарға жеткізбек.
Юрий Павленко, «Азаматтар бастамасы» қоғамдық қорының өкілі
– Орталық органдарға хабар береміз. Ұлттық интернет байланыс операторымен бірлесіп, ғаламтордың жылдамдығын арттыру қажет. Құрал-жабдықтарды алмастыру керек деп ойлаймын. Біз өз үлесімізді қосуға тырысамыз.
Жауыр болған проблемаға қатысты ұлттық байланыс операторы түсінік берді. Мамандардың айтуынша, Сынтастағы интернетті күшейту келесі алдағы уақытта қарастырылады.
Луиза Уалканова, Шығыс аймақтық Телекоммуникация дирекциясының маманы:
– Жақын маңдағы базалық станция ауылдан 25 шақырымдық жерде орналасқан. Алексеевка ауылында орнатылған. Алыс жатқандықтан, байланыс сигналының сапасы әлсіз болуы мүмкін. Бұл бағыттағы желіні дамыту келесі жылы қолға алынады.
Бұл ауыл округ мәртебесінен айырылған. Бүгінде елді мекеннің 80-нен астам аула мен 250 тұрғыны бар. Аудан орталығынан не бары 44 шақырымдық жерде орналасса да қарапайым инфрақұрылым жоқ. Сондықтан ауылдағы ағайынның орталық органдардың көмегіне жүгіннен басқа амалы қалмай отыр.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков