Үйден үйіндіге дейін: Қоқысты сұрыптайтындар саусақпен санарлық
Бірақ кіріс әкелмек түгіл сұрыптауды үйрене алмай келеміз. Бір елордада 2019 жылдың соңына дейін қоқысты қайта өңдеу көрсеткішін 75% жеткізу жоспарланған. 2020 жылдың соңы таяп келеді, ал бұл көрсеткіш 15% аспай тұр. Жалпы Үкімет қоқыс реформасын қолға алғалы бірнеше жыл болды.
Экология министрлігінің соңғы ұсынысының бірі – қоқыс өртейтін зауыттар салу. Ал экологтар жауапкершілікті әр тұрғын өзінен бастаған жөн деп санайды. Қоқысты сұрыптамайды екенсің, ендеше айыппұл төле! Бұл – өте тиімді тәсіл. Бірақ бұлай талап ету әлі ертерек сияқты.
Айгүл Амантаева – қоқысты сұрыптайтын аз қазақстандықтардың бірі. Оның бұл әрекетін әжуа қылатын, түпкі мәнін түсінбейтіндер көп. Бірақ оның бәріне айтар жауабы бір: Осындай кішкентай әрекеттер арқылы, үлкен экологиялық апаттың алдын алуға болады.
Айгүл Амантаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Қоқысты сұрыптап салу соншалықты қиын емес. Бірақ маған ыңғайсыз тұсы, мысалы осы қалдықтарды қабылдайтын ең жақын орын Мәңгілік ел көшесінде орналасқан. Ол мен үшін алыс. Сондықтан қоқыс жәшігіне тастаймын. Бірақ бір байқағаным алып кететін көлік біреу ғана. Яғни мен сұрыптап салғанмен, қоқыс көлігінде бәрімен араласып кетеді.
Қолы қалт ете қалса, Айгүл пластик қалдықтарды арнайы пунктерге апарады. Бір жыл ішінде шамамен 5 келіден астам пластик пен 10 келіден астам макулатура тапсырған. Бір келі картон қағазы 10 теңге тұрады. Тұрғындардан пластик әрі қағаз қалдықтарды қабылдайтындардың бірі – Болат Жұманов.
Болат Жұманов, макулатураны қабылдау пунктінің қызметкері:
- Бөтелкелер 50 теңге, картонды 10 теңге, қағазды 25 теңге, ал сыра банкілерін 90 теңгеден береміз.
Мұндай пунктер елорда бойынша аз. 20-ға жетер-жетпес. Ал жұмысбасты елордалықтар іздеп жүріп қоқыс тапсырады дегенге сену қиын.
Азат Жұмағұл, отандық өнімді дамыту жөніндегі менеджер:
- Біз бәріміз батыстағы дамыған елдердегідей өмір сүргіміз келеді. Бірақ ешкім оның өзінен басталатынын түсінбейді. Бәрі бір-бірін кінәлауға құмар, мынау дұрыс емес, анау дұрыс емес. Сіз әуелі қоқысты сұрыптауды өзіңізден бастаңыз. Әйтпесе бізге келетін қалдықтардың дені лас. Оны жуудың өзі көп уақытты, қосымша қаржыны талап етеді.
Петропавлдағы пластикті өңдейтін зауыт келіп түскен қалдықты қайта жууға мәжбүр. Жуылған қалдық сұрыпталады, содан соң нығыздалады, сосын уақталады. Өңделген пластиктен жаңа шелектер мен қалақшалар шығарылады. Зауыт өкілдері қолдау көбірек болса, тауар түрін көбейтуге әзір.
Азат Жұмағұл, отандық өнімді дамыту жөніндегі менеджер:
- Бізге мемлекет тарапынан нақты субсидиялар қажет. Жеңілдетілген субсидия бар, бірақ ол аздық етіп отыр. Техника да, құрал-жабдықтар да қымбат.
2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қалдықтарды бөлек жинаумен, сұрыптаумен және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың саны 200-ден асты. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Солардың бірі – осы жазда елордада іске қосылған мына кәсіпорын. Зауыттың коммерциялық директоры Максим Үкібаевтың айтуынша, олар тротуар плиткаларын, орындықтарды, баспалдақтар мен қоршауларды өндіреді. Мысалы 30 келі өңделген пластик – мынадай бір орындық. Сұраныс бар. Жаздан бері 200-ден астам орындықтарды сатып үлгерген.
Максим Үкібаев, зауыттың коммерциялық директоры:
- Екі орындықты сатып алсаңыз, кем дегенде бір ағашты сақтап қалуға мүмкіндік бар. Оның үстіне бұл өнім ағаштан қарағанда төзімді. Температураны сақтайды, тез тұтанып, өртеніп кетпейді.
Абылай Әлмұханов, қалдықтарды басқарудағы Мемлекеттік саясат департаментінің бас сарапшысы:
- 3292 полигон бар, оның тек 18% ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сай. Осы полигондарда 125 млн тонна қалдық жатыр.
Қоқыс көп, оны өңдеу көлемі аз. Бір Алматының өзінен күн сайын 1,5 тонна қоқыс шығарылады. Экология министрлігі: «Қоқыстан арылудың бір жолы – оны жағу», – деп шешіпті. Алдағы төрт жылда осындай алты зауыт салмақшы.
Абылай Әлмұханов, қалдықтарды басқарудағы Мемлекеттік саясат департаментінің бас сарапшысы:
- Еліміздің алты қаласында Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Тараз, Атырау қаласында алты зауыттың құрылысы жоспарланып отыр.
Министрліктің бұл идеясына қарсы тарап та бар. Экологтар артық қыламыз деп, тыртық қыламыз ба деп қорқады.
Әлия Күшбаева, эколог:
- Бұл мәселенің барлығын қарау керек. Мысалы жай пакеттің өзін өртеген кезде 70 түрлі қауіпті канцерогенді зат бөлінеді. Оның түтіні, күлі қайда кетеді?!
Тәуелсіз эколог Әлия Күшбаевның бізге тағы бір ұсыныс айтты. Қоқыс реформасында сөзден, іске көшетін кез келді. Және ол біз күткендей жоғарыдан емес, өз арамыздан басталуы тиіс. Қоқысты сұрыптамайсың ба, айыппұл төле. Әрине, қатаң, бірақ басқа амал жоқ.
Әлия Күшбаева, эколог:
- Қоқыс мәселесі пандемия кезінде бетперде тағу секілді ғой. Батыс елдерінің тәжірибесін алуымыз керек. Қатаң шара жоқ. «Сұрыптаңдар» деп БАҚ қана айтылып жатады, оны кейбірі білмейді.
Қазақстан 2030 жылға дейін қоқыс өңдеуді 40% жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі көрсеткіш 15% көлемінде. «Алдағы он жылда қоқысқа деген көзқарас оңалмаса, таяу болашақта өз қалдығымызға өзіміз көміліп қалу қаупі бар», – дейді сарапшылар.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Динара Жанбатырова, Гүлнәр Әміренова, Тоқтар Терлікбаев