ПТР тестілеуге байланысты Семейдегі дүрбелең басылды
Дүрбелең басылған. Кеше әлеуметтік желілерде ПТР тест тапсыру үшін халықтың әбігер болып жатқаны туралы ақпарат тараған. «Бұл – кеше түске дейін болған көрініс», – дейді мамандар. Медициналық мекемелер сұранысқа сай қосымша орындар ашып, жағдай тұрақталған. Дегенмен қала тұрғындары: «Жергілікті атқарушы билік карантин тәртібін күшейтіп, қаулы қабылдар алдында сақтық шараларын жан-жақты қамтамасыз етуі керек еді», – деп есептейді. Қазір қалада ПТР тест қабылдайтын қосымша бірнеше орын ашылған. Дегенмен кешегідей көп адам келіп жатқан жоқ. Өйткені бір тәулікте дайын болатын талдау 9 мың теңге тұрса, шұғылы 10 500 теңге. Сондықтан көбі билеттерін өткізген.
Айжан Семізбаева, зертхана қызметкері:
- Бірінші күн жаңа қаулы шыққанына байланысты адам саны өте көп болды. 300-ден астам науқастарды қабылдадық. Тез арада шешім қабылдап, осы емхананың ішінен үш жерден орын аштық та, науқастарды кезексіз, тез-тез қабылдадық. Әрине, басында қолға алу мүмкін болған жоқ. Бірақ кейін барлығын түзеп, күзетшілеріміз арқылы барлығын орнына келтірдік.
Николай Исаев, қала тұрғыны:
- Мен дәрігерлер жұмысынан кінарат іздей алмаймын, керісінше олар қолдан келген көмектерін аямады. Бұл дүрбелең қаулы қабылдардың алдында осындай жағдайларды ескермей отырған атқарушы билік өкілдерінің кемшілігінен туындады. Сондықтан 20, 30 күн, тіпті бірнеше ай бұрын билет алған жолаушыларды да түсінуге болады. Қаулыны ести сала бәрі жапатармағай осында ағылды. Дәрігерлер өз жұмысын тастай салып, кезек мәселесімен жүгірмеу керек. Мұндайда тәртіп сақшылары жағдайды бақылауға алуға тиісті болатын.