Мылтықсыз майдан: Дәрігерлер қатерлі вируспен қалай күресуде?
Қазір алғашқы кезеңдегідей емес, әрине. Десе де өлім мен өмірдің ортасында жатқан науқастарды аяғына тұрғызып, барынша көмек көрсетіп жатқан дәрігерлердің еңбегі орасан.
Сын сағатта сыр бермей, ажалға араша болу үшін 33 жастағы реаниматолог Қуаныш Шонтаев елімізге коронавирус келіп, өршігенде, таңның атысы, күннің батысы демей, қауіпті індетпен күресте алдыңғы шептен табылды.
Қуаныш Шонтаев, кардиоанестезиолог-реаниматолог:
- Таңғы 8-де «қызыл аймаққа» кіріп, кешкі 18:00-де бірақ шығатынбыз. Одан кешкі 19:00-ден түнгі 23:00-ге дейін онлайн консультация жүргіздік. Маусым мен шілде айларында отбасымды көрген жоқпын. Ауруханада екі ай тұрдық. Қызым мені көруге зар болды. Қазіргі балалар зерек қой. Жаңалық қарайды. Бәрін ұғады. «Сен үйге қайта орала аласың ба? Сен үшін қатты алаңдаймын», – деп хабарласып тұратын.
Кардиохирургия – елордалық Қуаныш Шонтаевтың өз қалауымен таңдаған бағыты. Асқан ержүректікті қажет ететін ауыр мамандық. Он жылдан бері жансақтау бөлімінде жұмыс істейді. «Алайда коронавирус секілді індетпен бұрын-соңды алысып көрген емеспін», – дейді.
Қуаныш Шонтаев, кардиоанестезиолог-реаниматолог:
- Дәрігердің міндеті – науқасты емдеу, өміріне араша болу. Бірақ сол кезде протоколға сай, реанимациялық шаралар қолдансақ та, әрекетімізден нәтиже шықпай, көз алдымызда 2-3 сағат сайын бір адамның, ал күніне он науқастың өлгенін көрдік. Сондай сәтте шарасыз күйге түсетінбіз.
Медицина дамыған заманның өзінде қауіпті вируспен күресу оңай болмай тұр. Науқастармен бірге ақ халаттылардың өздері де жаппай ауырды. Сөйте тұра халықты емдеуден қол үзген жоқ.
Шынар Айтжанова, медициналық реабилитациялық бөлімінің меңгерушісі:
- Науқастар инсультқа да түсіп жатады. Өздері ауыр аурумен ауырып, оған қоса коронавирус індетіне шалығады. Ондай науқастар да көп.
Ауруханалардағы қауіпті аймақтардың бірі – зертхана. Мұнда науқастардың қан талдауларына зерттеу жүргізіледі. Вирустың бар-жоғы анықталады. Яғни ақ халаттылар өзгенің өмірі үшін өз басын қауіпке тігеді.
Алма Байғабұлова, зертханалық зерттеу бөлімінің меңгерушісі:
- Бір ай бұрын барлығының ПТР тестілері теріс нәтиже көрсететін. Соңғы екі аптада күніне 1-2 науқастан вирус табылып жатыр. Вирус қайта дендеп баратын сияқты.
Пандемия басталғалы қазақстандық дәрігерлер ерен еңбектің үлгісін көрсетіп келеді. Кейбіріміз қарапайым санитарлық талаптарды сақтамай жүргенде, аты жаман індеттің дәл ортасында, яғни қауіпті аймақта жүрген ақ халаттылар бастан-аяқ жабық күйде тұмшаланып жүр. Ал олардың келесі қатерлі кезеңді қалай еңсеретіні мына сіз бен бізге байланысты.
Шынар Айтжанова, медициналық реабилитациялық бөлімінің меңгерушісі:
- Әркім өзі үшін жауап беруі керек. Барлығын дәрігерге итеріп тастауға болмайды. Адамның денсаулығы өз қолында.
Авторы: Зайнұр Байжігіт