Ұлы Абай мен Науаи еңбектерінің аудармалары таныстырылды
Абай шығармашылығының қазақ халқы ғана емес, бүкіл адамзат үшін құнды екені белгілі. «Хамса» – Әлішер Науаидің әйгілі бес дастаннан тұратын еңбегі. Қазақ тілінде жарық көрген кітапқа «Ләйлі – Мәжнүн» мен «Ескендір қорғаны» атты екі дастан енген. Бұл шығармаларды өзбек тілінен белгілі ақын Несіпбек Айтұлы аударды. Айта кетейік, әдебиет үшін игі бастамаға - халықаралық Түркі академиясы ұйытқы болды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Абай мұраларының түркі тілдес халықтары үшін маңызы аса зор. Ақынның ой толғамдары мен өсиеті барша түркі жұртына арналған десек, артық бола қоймас. Құндылықтарымызды кеңінен дәріптеуіміз керек. Әсіресе жас буынға жан-жақты насихаттасақ, түркі дүниесінің бірлігін нығайтуға қосылған үлкен үлес болары анық. Шығыс мәдениетінің дара тұлғасы Әлішер Науаидің еңбегін – қазақ тіліне аудару ісі де құптарлық дүние.
Несіпбек Айтұлы, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- «Хамса» бес дастаннан тұрады, оның ішіндегі ең үлкен түйіні – Ескендір қорғаны. Ол осыдан 22 жыл бұрын аударылған. Былтыр ғана «Ләйлі – Мәжнүнді аударып бітірдім. Халықаралық түркі академиясының қолдауымен, Президент Қ.Тоқаевтың алғысөзімен «Хамса» деген атаумен екі дастаны Стамбулдан басылып шықты. Халық жылы қабылдап жатыр.