А.Баталов: 9 айда 712 мың шаршы метр баспана салынды
Соңғы екі айда осы рейтитнгтің көшін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастап тұр. «Облыс басшылығының белсенді жұмысы өңір экономикасын жедел қалпына келтірді», – дейді рейтингті түзген сарапшылар. Аймақтың даму қарқынын Амандық Баталовтың өзі Нұр-Сұлтанға арнайы келіп, брифингте айтып берді.
«Биыл оңай жыл болған жоқ», – деп бастады Амандық Баталов баяндамасын. Коронавирус кеселі әкімнің денсаулығын да, іскерлігін де бір сынап алды. Дегенмен өткен тоғыз айда өсім бар.
Өнеркәсіптегі өсім 3,1, құрылыста 11,6, ал ауыл шаруашылығында 2,4% құрайды. Еліміздің ауыл шаруашылығындағы Алматы облысының үлесі 17% жеткен. «Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз», – деді Баталов.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
- Облыста ірі қара мал басы 1,3 млн-нан, ал қой мен ешкі 4,2 млн бастан асты. Біз 2025 жылға дейін ет өндірісін 500 мың тоннаға, сүт өндірісін 900 мың тоннаға дейін жеткізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша 25 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.
Амандық Баталов аймақтың алдында тұрған міндетті атады. Ол –әртараптандырылған әрі технологияланған экономика құру. Әкімнің айтуынша, бұл ретте трансұлттық компаниялар маңызды рөлге ие. Олардың қатысуымен қазір өңірде тоғыз жоба жүзеге асып жатыр. Бұл – қосымша 4 мың жаңа жұмыс орны.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
- Іске асырылып жатқан бағдарламалар аясында облыс бойынша 56,2 мың жұмыс орны құрылды, оның ішінде 30,1 мыңы – тұрақты. Бұл жерде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» Президент бағдарламасы жақсы нәтиже берді, оның шеңберінде 20,9 мың жұмыс орнын ашылды.
Жыл соңына дейін Алматы облысының 1 млн 200 мың тұрғыны газбен қамтылады. Соңғы бес жылда елді мекендерді газдандыруға 65 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
- Облыс халқының 80% ауылда тұрады. Алматы облысы – елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бойынша көшбасшы, көрсеткіш 98,8% құрайды. Облыстың 15 ауданы мен қаласында 144 елді мекен газдандырылды. Бүгінгі күні газ бес ауданға жеткізілмеді, ол үшін Ақсу – Сарқан – Үшарал және Шелек – Кеген – Нарынқол бағыттары бойынша газ құбырларының құрылысы бойынша құжаттама әзірленуде. Нәтижесінде 300 мыңнан астам адам газбен қамтамасыз етіледі.
Коронавирус медицина саласында кемшіліктер барын көрсетті. «Бірінші толқында кеткен қателіктерді ескердік, Алматы облысы екінші толқынға тас түйін дайын», – дейді өңір әкімі. Облыс орталығы Талдықорғанда 200 орындық жұқпалы аурухана ашылды. Жалпы пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен 13,8 млрд теңге бөлінген. Екінші толқынға 8,8 млрд теңге бөлінді. Аймақта маман тапшылығын шешу үшін дәрігерлерге арнап тұрғын үйлер салынып жатыр.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
- Дәрігерлер тұрмысы жақсы болу үшін біз тұрғын үйлер сатып алып жатырмыз. Жыл соңына дейін 47 коттедж дәрігерлерге беріледі. Алдағы жылы облыста тағы 60 пәтер тек осы сала қызметкерлеріне арнап салынады. Осындай жағдайдың арқасында біздің облысқа Алматы мен елордадан мықты мамандар келіп жатыр. Қазір облыста дәрігерлер мен құқық қорғау қызметкерлеріне қажетті жеке қорғаныс киімдерінің үш айлық қоры жасақталған. Ал қажетті дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры бар.
Карантин кезінде облыстың инфраструктуралық дамуы тоқтаған жоқ. Шамалған станциясында жаяужүргінші өтетін көпір ашылды, автокөліктерге жүретін айналмалы жол құрылысы басталып та кетті. Ортасынан опырылып түскен Шонжыдағы спорт кешенінің құрылысы да қайта қалыпқа келеді. Айыптылар анықталады.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
- Келтірілген шығын шамамен 70 млн теңге. Нысанның құрылысына жауаптылар бәрін қайта қалпына келтірулері керек. Егер оны уақытында тапсырмаса, оларға айыппұл салатын боламыз. Содан кейін біз мұндай мердігерлермен бұдан былай жұмыс істемеу мәселесін көтеретін боламыз.
Әлеуметтік желіде шуы басылмаған Бақанас аулындағы Дінмұхамед Қонаевтың ескертікіші туралы да Амандық Ғаббасұлы түсініктеме берді. «Жұмыс тоқтатылды. Енді барлығы орнына келтіріліп, рұқсат алғаннан кейін ғана жұмыс жалғасады», – деді әкім. Бұл жолы мүсіннің шеберлікпен жасалатынына әкімнің өзі шүбә келтірмейтін секілді.
Авторы: Гүлжан Марқабаева