«Ауыл» партиясы «Хабар» Агенттігінің 25 жылдығына тарту жасады
Ширек ғасырлық мерейтоймен барша жұрт әлі де құттықтап жатыр. Ақжарма ақ тілегін арнағандардың қатарында «Ауыл» партиясы да бар. Ұйым өкілдері Президент саябағында осы 25 жылдықтың құрметіне 25 шырша екті. Жасыл желегі жайқалған бақ ішінде енді «Хабардың» ширек ғасырын еске түсіретін белгі бар.
Атадан мал қалғанша, тал қалсын. Көнеден өнеге болған нақыл сөз әлі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше қадірі әспеттеліп жатыр. Себебі бүгінгі бұтақ ертеңгі еңселі еменді суреттейді емес пе?! Осыны ескерген «ауылдықтар» төл арнаға тамаша тарту етті.
Әли Бектаев, «Ауыл» ХДПП төрағасы:
- «Хабар» – біз үшін ғана емес, жалпы қазақ халқы үшін, қазақстандықтар үшін орны бөлек телеарна. Қазіргі уақытта «Хабар» арнасы Қазақстанға ғана емес, әлемге әйгілі телеарнаға айналып отыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен жеткізіп жатқан хабарларыңыз, жаңалықтарыңыз көрерменді сусындатып жатыды. Оның өзі өте үлкен еңбек.
Қылқанжапырақты ағаш кездейсоқ таңдап алынбаған. Себебі шырша – мәңгі жасыл өсімдік. «Арнаның да тарихы мәңгілік болсын» деп осындай игі бастама қолға алынған. Тек бұл ғана емес. Партияның белсенді жастары арнайы құттықтау ұйымдастырыпты.
Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы:
- Бұл «Ауыл» партиясы тарапынан көтерілген керемет бастама дер едім. Осындай шара ұйымдастырғандарына ризамыз. Бір жағынан сыйлық, екінші жағынан экологияға оң әсері бар. Мұндай креативті идеяға мұрындық болған «Ауыл» партиясына алғыс айтамыз.
Әсілі қарашада қара суық тоңдырушы еді. Бірақ ауа райы жылылық танытты. Құдды «ауылдың» ыстық лебізіндей. Ағаш егуге қолайлы күн болды. Арнаның және ағаштың ғұмыры ұзақ болсын!
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Тоқтар Терлікбаев