Қарағанды облысының Абай қаласында Абай ескерткіші бой көтерді
Дана ақынның 175 жылдығына орай жасалып жатқан шаралардың бірі бұл. Қарағанды өңірінде ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойына арналған бірнеше тағылымды шара өтті.
Қарағанды облысының Абай қаласында һакімнің алып ескерткіші бой көтерді. Қоладан құйылған мүсіннің биіктігі тұғырымен қоса есептегенде 10 метрге жуықтайды. Бұл осымен ұлы ойшылға қойылған өңірдегі 8-ші ескерткіш.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
– Ақын мұрасындағы терең ой, өршіл рух бір ғасырдан астам уақыт өтсе де әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өткенін ұмытпаған, тұлғаларын ұлықтаған жұрттың қашан да болашағы жарқын болады, ол анық. Осы тұрғыда Абай мұрасын тереңнен зерделеп, келешек ұрпаққа жеткізетін бүгінгідей іс-шаралар болашағы біртұтас ұлттың берік негізін қалыптастыруға үлкен роль атқармақ.
Бұл күні «Ұлы Абайдың мұрасы – ұрпақтарға тағылым» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онлайн режимінде ұйымдастырылған шараға бірнеше елдің ғалымдары қатысып, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармалары жайында сөз қозғады. Сондай-ақ конференцияда ақын Аманжол Әлтаевтың сиясы кеппеген «Абай» кітабының тұсауы кесілді.
Ғарифолла Есім, ҚР ҰҒА академигі, Абайтанушы:
– Абайдың парадигмасы сонда ол шындықты айтады. Бізде өтірік көп. Сол өтірікті азайтуымыз керек. Сонда Абай шамы жап-жарық болып жанады.
Тағы бір сүйінші хабар – Қарағандыдағы ең үлкен орталық көшелердің біріне Абайдың есімі берілді. Бұл жергілікті тұрғындардың қалауы. Қоғамдық тыңдау өткен кезде халықтың 98 проценті Ленин көшесін Абайға ауыстыруды қолдап, дауыс берген. Бірақ араларында: «Жүздеген үйге тақтайшаларды орнатуға салық төлеушілердің қаржысы кетеді», – деп қарсы пікір білдіргендер де болыпты. Алайда жергілікті кәсіпкер бұл шығынды толық өз мойнына алды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев