Саздан ыдыс жасау Елордада сәнге айналды
Кесек сазды икемге келтіріп тұрған елордалық Әлфия Баймұқанованың қыш ыдыс жасау ісін ашқанына 2-ші жыл. Көз қорқақ, қол батыр. Әу баста, ойға күдік-күмән үйірілгенімен, «Қазір үйретері көп үйірмеге айналдық», – дейді өзі. Ісін дөңгелетуге екінші деңгейлі банктен несие алып, қажетті ғимарат тауып жалдап, ішін тиісінше әрлеп алған. «Себебі шабыт беретін орталық жанға жайлы, қолайлы болуы тиіс», – дейді Әлфия.
Альфия Баймұқанова, Ұлттық қолөнер бұйымдарын жасайтын студия жетекшісі:
-Шамамен 5-6 жыл бұрын көзіме бір видео түскен, сол видеода бір топ адам осы өнердің түрімен айналысқан. Қызығушылығым артып, өзімнің қолымнан келетінін түсіндім, жаныма жақын екенін түсіндім.
Жалпы саз-балшықтан бұйым жасау – халқымыздың ықылым заманнан бергі төл кәсібі. Бірақ өркениет келгелі оның кенжелеп қалғанын білеміз. Десе де, ұлттық өнерді жаңғырту – қолдан келер іс. Альфия қолға алған қыш өнері үйірмесіне қазақстандықтардан бөлек, шетелдіктер де қуана келеді екен. Жалпы қыш өнері эстетикалық ләззат қана сыйламайды, денсаулыққа да едәуір пайдалы.
Альфия Баймұқанова, Ұлттық қолөнер бұйымдарын жасайтын студия жетекшісі:
-Бұл өнер түрінің пайдасы өте зор, балаларға кіші маториканы өте дамытады, қабілетті дамытады, әдемілікке баулиды, ересектер туралы айтсақ, теріс эмоцияларды артта қалдырады. Қыштан өте қызықты нәрсе, бір кусоктан біз осындай құмыра, ыдыс жасай аламыз, өте қызықты.
Жұмыс күндері бірді-екілі жан келгенімен, өнерсүйерлердің қарасы демалыс күндері көбейеді. Виктория Замалиева 2 ай болды шеберлік сағаттарына қатысып жүр. «Қазақтың ұлттық өнеріне ден қойылса, халықаралық тұрғыда танымал болуы мүмкін», – дейді ол.
Виктория Замалиева, үйірмеге қатысушы:
- Бір шеберлік сағаты 1-1 жарым сағат өткізіледі. Ыдыстың қалыбын салып болған соң, оны екі аптадай уақыт кептіру керек. Кейін күйдіріледі не болмаса қалау бойынша қандай да реңге бояймыз.
Бұрын қыш ыдыстардың тұрмыста пайдаланылғаны мәлім. Бүгінде ол әдемілікке, кәдесый ретінде тарту етіліп жүр.
Атадан мирас болып қалған төл өнерімізді жаңғырту – парыз, бастысы – оған ұл-қыздарымызды икемдейтін осындай орталық ашылғаны бір ғанибет.
Индира Жылқайдарова, тілші:
-Мен де саздың сырын білуге кірістім. Ол үшін дөңгелек табақша үстіндегі шарықты шыр айналдырып, құмыра кейпін жасамақпын. Жалпы тарихты парақтасақ, саз-балшықтан бұйымдар жасау – өзбек, парсы халықтарының ғана емес, қазақ ұлтының да қолөнері. Оған дәлел – жерасты қазбалары кезінде қыш құмыралардың табылуы.
Ал қазіргі заман халқы үшін бұл – бос уақытын өткізудің жаңа түрі. Дәл осы орталықта тіпті болашақ жарына неке жүзігін беру жағдайлары да болыпты. Орталықтың есігі дүйсенбіден басқа күндері келушілер үшін айқара ашық.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Бекболат Базаров