Өскемендегі аутизм және сал ауруына шалдыққан балаларға арналған оңалту орталығы жабылуы мүмкін
Енді екі мемлекеттік мекеме бір-бірімен соттасып жүргенде мүгедек балалардың ата- аналары: «Тегін көмек көрсетін орталық мүлдем жабылып қала ма?» деп алаңдап отыр.
Төрт жасар Әмірхан үшін бұл орталық екінші үйіндей. Бүлдіршін осы мекеме ашылған күннен түрлі оңалту курустарынан өтті. Қазір мұндағы мамандар сал және аутизмге шалдыққан 27 баланың оңалуына көмектеседі. Жеке қор болып құрылып, биыл ақпанда орталық ретінде жұмысын бастады.
Әсел Масанова, қала тұрғыны:
– Біз психолог, логопед, дефектолог пен басқа да қажет көмекті тегін аламыз. Балам түзеліп келеді, алға жылжу бар. Енді бұл орталық жабылса, бізге қиын болайын деп тұр.
Қиын болмас үшін облыстық Әлеуметтік бағдарламалар басқармасы биыл да осы салада мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін мекемелер арасында тендер өткізеді. Тендерден ұтқан әлеуметтік орталық мемлекеттен 12 миллион теңгенің тапсырысын алады. Алайда бірнеше ай өткенде тендерге қатыспаған бір қор орталық тәжірибесіне күмәнданып, ішкі аудит департаментіне шағым түсіреді. Ұзақ тексеруден соң конкурсты өткізуде кей ережелер сақталмағаны анықталады.
Олжас Нұқаев, облыстық Ішкі аудит департаменті басшысының орынбасары:
– Мемлекеттік сатып алу саласында заңнама талаптарының сақталмағанын көрсетті. Осылайша басқарма кемінде үш әлеуеттік өнім берушіге коммерциялық ұсыныстар беру туралы сұрау салуларды жіберуді қамтамасыз еткен жоқ.
Әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының Мамандары оңалту орталығы: «Ішкі аудит департаменті айтқан кемшіліктерді түзеткен», – дейді. Алайда соған қарамастан Ішкі аудит орталықтың жұмысын тоқтау туралы биыл шілдеде сотқа шағым жолдап, сот орталықты жабу жөнінде шешім шығады.
Меруерт Өтегенова, Балаларды оңалту орталығының директоры:
– Шілде айынан бастап мемлекеттен қаржыландыру тоқтады. Бірақ біз өз қаржымызға жұмыс істеп келеміз. Өйткені аутизм мен сал ауруына шалдыққан балалардың ем-домы мен көрсетілетін көмек, түрлі жаттығу үзілмеу керек. Сонда ғана нәтиже болады.
Нәтиже болатынын ата-аналар да растап отыр. Егер ақылы қызмет алса, бір балаға айына кемінде 80 мың теңге қажет.
Салтанат Көкенова, қала тұрғыны:
– Жолдасым ғана жұмыс істейді. Тегін қызмет алып жүргеніміз бізге жақсы көмек. Негізінде басқа жерге барсақ 3-4 мың тұрады. Аналардың бәрі уайымдап жүрз. Жаппаса екен деп тілейміз.
Жабылмауы үшін оңалту орталығының жұмысын заңгері сотта барлық құжатпен дәлелдеп шыққан. Ал бұл салада біліктілігі жоқ деп тендерге қатыспаған қордың шағымына сәйкес орталықты тексеріп одан сотқа берген Ішкі аудиттің әрекетін түсінбей аң-таң.
Владислав Животягин, заңгер:
– Міне, біздің барлық тиісті сертификаттарымыз бар. Мамандар тиісті тағылымдамадан өткеніне осы құжаттар дәлел. Бірақ сот отырысында судья бұл құжаттарды ескермеді.
Соттың шешімімен келіспеген орталық жетекшілері аппеляциялық шағым жазған. Келесі тыңдау әлі өткен жоқ. Оңалту орталығы және департамент пен басқарманың арасындағы өзара тартысы қалай шешілері әзірше белгісіз?!
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин