2021 жылы қағаз анықтамаларға деген қажеттілік толығымен жойылу керек
Үкімет басшысының айтуынша, әзірге көрсетілетін электронды қызметтің сапасы жөнінен Ақмола, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстары алда келеді. Ал Алматы облысы мен Шымкент қаласында бұл жұмыс тиісті деңгейде жүріп жатқан жоқ. Осыған орай ол жауапты мекеме өкілдеріне бірқатар тапсырма берді.
Атап айтқанда, ең қажетті мемлекеттік қызметтерді мобильді форматқа көшіру жұмысын жандандыруды тапсырды. Үкімет цифрландыруды тағы қалай жүзеге асырмақ?
Риат Шони, тілші:
– Асқар Мамин Цифрлық даму министрлігіне маңызды әлеуметтік қызметтерді eGov mobile қызметіне ауыстыру бойынша жоспарды бекітуді міндеттеді. Қазір барлығын рет-ретімен айтып беремін.
Бұдан бөлек, Премьер-Министр цифрландыру саласындағы жаңалықтарды түсіндіру жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет екенін алға тартты. Жалпы қазір мемлекеттік қызметтер тізілімінде 698 мемлекеттік қызмет түрі қарастырылған. Қазақстандықтар оның 85,5 пайызын онлайн-режимде пайдалана алады. Ал осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 90 пайызға дейін жеткізілмек.
Тағы жыр болған eGov порталына тіркелу де жеңілдей түспек. Бұрынғыдай электрондық цифрлық қолтаңба арқылы емес, биометрия арқылы тіркелуге болады. Яғни ұялы телефоныңызбен селфи жасап, бірқатар сұрақтарға жауап беру қажет. Бұл жүйе әлі сынақтан өту үстінде. Осы айдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарланған.
Бұдан бөлек көп талап етілетін құжаттар eGov mobile қосымшасына шығарылды. Бұнда жеке куәліктен басқа, жүргізуші куәлігі, дипломдар сынды құжаттар енгізілмек. Яғни азаматтар өздерінің ұялы телефондары арқылы мәліметтермен бөлісе алады. Ол үшін QR-кодты көрсету керек немесе кез келген мессенджер арқылы анықтаманы жібере алады. Жалпы биыл жыл соңына дейін 30-ға жуық қағаз анықтама алып тасталатын болады.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
– Қоғамдық мониторинг нәтижесі бойынша, электрондық қызметтердің сапасы бойынша ең озық өңірлер – Ақмола, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай және БҚО, ал Алматы облысы мен Шымкентте бұл жұмыс тиісті деңгейде емес. Барлық жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қызметтер сапасына қанағаттану деңгейін кемінде 80 пайызға жеткізу тиіс. Халыққа біздің жұмыстың нақты нәтижесі қажет. Жалпы 2021 жылы қағаз анықтамалар қажеттілігін толығымен жоюымыз керек. Азаматтарға арналған Үкімет корпорациясы қызметтерін жеткізу және барлық онлайн қызметтер мен сервистердің 100 пайыз қолжетімділігін қамтамасыз етуіміз керек.
Жалпы қазіргі таңда мамандандырылған ХҚКО-на жылына 3 миллионнан астам адам жүгінеді. «Яғни автокөлікті тіркеу қызметі онлайн болғанның өзінде халық ұзын-сонар кезектерде тұрады», – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин. Бұл жүйе оңтайландырылмақ. Енді көлік сатып алған адам темір тұлпарды сатқан адамның шотына ақша аударған жағдайда көлік иесі автоматты түрде өзгереді. Жоба пилоттық режимде банктік қосымша арқылы іске қосылды. Ал мамандандырылған ХҚКО-да тек жүргізуші куәлігін алу қызметі қалады. Өйткені автодромда емтихан тапсыру қажет. Дегенмен Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында бұндай автодромдар жоқ екен.
Тағы айта кету керек, «Ауылдарға интернет жеткізу» жобасы аясында 1200 елдімекенде интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ететін арнайы киоскілер орнатылмақ. «Ол арқылы тұрғындар аудандық әкімдікке, ХҚКО-на немесе медициналық мекемелерге видеобайланыс арқылы жүгіне алады», – дейді Бағдат Мусин.
Ал енді бұл аталған міндеттер мен жоспарлар қалай жүзеге асырылатындығын уақыт көрсетеді.
Осы Үкімет отырысында Асқар Мамин тауарлардың заңды немесе заңсыз екенін анықтауға мүмкіндік беретін тегін мобильді қосымшалардың енгізілетінін айтты. Олар Naqty Sauda және Naqty Onim деп аталады. Бұдан бөлек, еліміздегі бөлшек сауда орындары сканерлермен жабдықталып жатыр. Жалпы тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесі отандық нарықты сапасыз өнімнен қорғауға және қазақстандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазір Қазақстан аумағында бүкіл тізбек бойынша тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі құрылған. Оның арқасында биылғы 10 айдың ішінде кеден баждарының, қосымша құн салығы мен акциздердің қосымша түсімдері 132 миллиард теңгеге жетті. Ал 2025 жылға дейін жалпы нәтиже 2,6 триллион теңгеден асуы мүмкін деген болжам бар.