Антрополог О.Смағұлов пен ғалым А.Смағұлованың «Қазақ халқы және ата тегі» атты кітабының тұсауы кесілді
Ғылыми еңбекте антрополог ғалым Оразақ Смағұловтың 50 жыл жинаған материалдары негізінде қазақтың келбеті, қан жүйесі, тіс морфологиясы, тері бедері мен қаңқа сүйектеріне жасалған салыстырмалы зерттеулері топтастырылған.
Айта кетейік, қазақтан шыққан тұңғыш антрополог Оразақ Смағұлов биыл 90 жасқа толды. Осыған орай шара барысында ғалымға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді.
Ал тарихшылардың ұлттық конгресі ұсынуымен және университет ғылыми кеңесінің шешімімен «Күлтегін» медалі де табыс етілді.
Оразақ Смағұлов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Халқымыздың 50 ғасырлық тарихы бар екендігі әлемде тұңғыш рет дәлелденіп отыр. Сондықтан біз елімізде тұрып жатқан басқа халықтардың өкілдері қай елдің жерінде, қай елдің төрінде бұлар қызмет етіп, тіршілік жасап жатқанын білсін дедік. Қазақ халқының бағы бар екен, егемендік күн туып, оның осындай биологиялық, генетикалық тарихы жазылды. Халқымның келешектегі өмірі ақ жол болып, мәңгі бақытқа бөленсін деген тілек білдіремін.