Павлодарда мәдени нысандарға жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары бітпей қалды
Өнер ордасы желтоқсан айында өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мердігерлер осы мерзімге дейін жұмысты толық аяқтауы тиіс еді. Бірақ уәде орындалмады.
Мамыр айында басталған істің қара күзге дейін созылуына не себеп? Театр басшылығы бар кінәні мердігерлерге артса, мердігерлер оны бастапқыда бекітілген тұжырымдаманың өзгеруімен байланыстырады.
Нұрлан Байдулаев, мердігер ұйымның техникалық директоры:
– Басында бұл театрда басқа концепция болған, материал. Ол материал сапасы жағынан зерттеулерден өтпей қалды. Сосын осы керамогранит таңдалды.
«Жаңа материал келгенше алтын уақытымызды жоғалтып алдық», – деген мердігерлер жұмысты тағы екі айға созып жіберді. Қазақ театры орналасқан ғимараттың іргесі сонау 1968 жылы қаланған. Күрделі жөндеу соңғы рет 2006 жылы жүргізіліпті. Бұл жолы жылу жүйелері, төбесі мен әйнек-терезелері жаңартылды. Бірақ құрылысты тапсыру мерзімі үш айға кешігіп отыр.
Қанат Смағұлов, директордың шаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары:
– Материалдың көбісі басқа қаладан келеді ғой. Кезінде жол жабық болды. Жол ашылғаннан кейін материалдар келе бастады. Қазір, міне, креслоның, ковроланның бәрін алып келді. Мынаның ішіндегі жаңағы кішкентай жұмыстар қалды.
Атап өтерлігі, өңірде күрделі жөндеуден өтіп жатқан бірнеше әлеуметтік нысанда құрылыс жұмыстары аяқталмаған. Жуырда облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов облыстық көркемсурет музейі, Шахмат үйі және мамандандырылған жасөспірімдер мен балалардың спорт мектебіне барды. Ал театрдың сырты да, ішкі жұмыстары да аяқталмаған.
Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрының құрылғанына желтоқсанның 6-да 30 жыл толады. Облыстың мәдени өмірінен ойып тұрып орын алған өнер ордасы мерейтойға дайындалудың орнына сот жағалап жүр.
Самал Бегалинова, облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
– Біз енді өз тарапымыздан екі рет сотқа бердік. Өкінішке орай, сот ол өтінішті қарамайды. Себебі қазір пандемия салдарында мына кәсіпорындарға мораторий салынған шара қолдану, тексеріс өткізу бойынша. Егер де бұл мораторий болмай тұрып, оның алдында мысалға, бір күн болсын шартты бұзған болса, сот тарапынан шешім қабылданып, бұл мердігер қолайсыз мердігер тізіміне кіретін еді. Бірақ қазір өкінішке орай қолымыз түгелі байлаулы.
Наурыз айынан бастап онлайн-режимге көшкен театр ұжымы қол қусырып қарап отырған жоқ. Жаңа театр маусымына Шыңғыс Айтыматовтың «Жәмила» қойылымын сахналауға дайындық үстінде.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов