Петропавл тұрғындары жылу ақысын неге екі есе төлеп отыр?
Өйткені жауапты кәсіпорын жылу есептегіш құралдарын коммерциялық есепке алмай отыр. Салдарынан халық ай сайынғы төлемақыны бірнеше есе қымбат төлеуге мәжбүр. Жұрт арыз-шағымын айтып талай табалдырықты тоздырған.
Лидия Свешникова, ПИК төрайымы:
– Жөнделген соң мен Петропавл жылу желілеріне барып өтініш жаздым. Контроллер келіп, есептегішке пломба салмайтынын айтты. Өйткені оның қуаттандырғышы рұқсатсыз ауыстырған деді. Құрылғы қазір кепілдікте болса да, коммерциялық есепке алынбай отыр. Неге екенін түсінбей отырмыз. Жауаптылар болса, түрлі сылтау айтып отыр.
Халық бес ай бойы жылудың ақысын жалпы тариф бойынша төлеуде. Яғни баға қазір шаршы метрмен өлшенеді. Түбіртектегі сандар ай сайын өспесе, кеміп жатқан жоқ.
Тұрғындар базынасын айтып, монополисттерге сан мәрте арызданып, хат жазған. Алайда олар: «Артық ақы қайтарылмайды», – деп қысқа қайырған. Нәтиже болмаған соң халық әкімшіліктен көмек сұрапты.
Наталья Краснова, Петропавл қаласының тұрғыны:
– Кепілдік біткен соң жақын арада есептегіш құрал жекеменшікке өтуі тиіс. Сол кезде біз актіге қол қоймаймыз. Олар жауапкершілікті өздеріне алмау үшін уақытты әдейі созып жүр.
Монополистер болса: «Бұл мәселенің туындауына карантин сеп болды», – деп ағынан жарылды.
Мағауия Сағындықов, жылу беру компаниясының бас директоры:
– Өкінішке орай, карантиндік шектеулердің енгізілуі біздің жұмысты қиындатып жіберді. Нақтырақ айтсақ, бұл құрылғылар басқа қалаларда жөнделеді. Сондықтан көп уақыт жоғалтып алдық. Қазір оларды есепке алу жұмыстары басталды. Тұрғындармен есеп айырысу бойынша келісім жасайтын боламыз.
Самат Қайырденұлы, тілші:
– Айта кету қажет, бүгінде шаһарда осындай мәселеге тап болған 8 көпқабатты тұрғын үй бар. Монополист алған артық ақы халыққа қайтарылады ма? Оны уақыт көрсетеді.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев