Мемлекеттік АӘК алатындар азайды
Осы жылы 5 585 көпбалалы және аз қамтылған отбасына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек берілді. Ал 300-ден аса адам жұмысқа орналастырылған. Өткен жылмен салыстырғанда биыл қалада АӘК-ке жүгінгендер аз.
Алматыда 2019 жылы 12 721 отбасы әлеуметтік көмек алса, биыл өтініш берушілердің қатары күрт азайған. Өйткені көмек алушылардың көбі жұмысқа орналасып, тұрмысы түзелген. Біразы басқа аймақтарға қоныс аударған. «Жалпы көмек аламын немесе жұмысқа орналасамын деушілерге ешқандай кедергі жоқ», – дейді орталық басшылары.
Думан Сандаев, Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:
- АӘК-ке жүгінген адамдар өздерінің жеке куәліктерімен келсе, тұрғылықты жері бойынша біздің қызметкерлер егжей-тегжейлі түсіндіріп береді.
Өткен жылы Жұмыспен қамту орталығына келіп, АӘК алған көпбалалы Айна Тұрғанбекқызы өзінің бизнес жоспарын ұсынып, нәтижесінде мемлекеттік грант ұтып алған. Қазір тігін цехын ашып, әртүрлі үлгідегі киімдер тігеді.
Айна Тұрғанбекқызы, қала тұрғыны:
- Балаларды қалай бағамын деген үрей болды. Өйткені жұмыссыз қалдым. Алайда маған «Еңбек» бағдарламасы арқылы кәсіп бастауымды ұсынды. Тәуекелге бел будым. Шүкір, қазір тапсырыстар көбейіп жатыр.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың бірі Махаббат Сыздықова қазір осы орталықта уақытша жұмысқа орналасқан.
Махаббат Сыздықова, қала тұрғыны:
- Мен осы көп жыл бойы бала күтімі бойынша үйде отырып қалдым. Содан кейін жұмысқа шығатын кезде карантин басталып кетті. Осы үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап АӘК аламын. Жұмыспен қамту орталығына келдім. Маған уақытша жұмыс ұсынды.
2019 жылы АӘК алушылар арасынан өзінің бизнес жобасы бойынша 40 адам мемлекеттік грант иеленген. Ал биыл 51 адам өз кәсіптерін бастауға мүмкіндік алыпты.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон