ГЭС құрылысын салып жатқан 161 адам еңбекақысын ала алмай жүр
Алтай ауданында бой көтерген стратегиялық нысанның құрылыс жұмыстарына негізінен жергілікті тұрғындар тартылған. Олар осы уақытқа дейін түрлі құзырлы органдарға шағымданған. Алайда еш нәтиже болмаған соң біздің арнадан көмек сұрады.
«Тұрғысын» ГЭС құрылысын салып жатқан әрбір жұмысшы қазір еңбекақы мен зейнетақыға қатысты есеп жазылған құжат құшақтап жүр. Барлығы – Алтай ауданының халқы. Көбі гидротехникалық нысанның құрылысы бастаған күннен бері жұмыс істеген. Алайда кейбір жұмысшы жарты жылдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр.
Виктор Сеитов, Алтай ауданының тұрғыны:
- Мамыр айынан бері еңбекақыны алмадық. Бір тиын бермеді. Алтай қаласындағы прокуратураға, Nur Otan партиясына арыз-шағым жаздық. Бірақ олар бізге әлі жауап бермей отыр.
Валерий Суружей, Алтай ауданының тұрғыны:
- Мен түсінемін, олар өз шаруасын істеп жатыр. Бірақ біз де адамбыз ғой, бізге де күн көру керек.
ГЭС құрылысы бес жыл бұрын басталған. Жалақы қарызына қатысты дау бұған дейін бірнеше рет туындаған. Еңбек инспекциясы тексеріп, мердігерді әкімшілік жауапқа да тартқан. Ал бұл жолы тіпті мәселеге сот орындаушылары арласты.
Ерасыл Мұхтаров, Алтай ауданы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы:
- 161 адамның алдында берешек бар екенін анықтадық, жалпы сомасы 31 млн теңгеге жуық. Берілген ұйғарымдар сот орындаушыларына жібердік. Осы аптаның аяғына дейін қарыз төленеді деп тосамыз.
Құрылыс жұмысына жауапты мекеме басшысы тілшілерімен тілдесуге құлық танытпады. Ал ГЭС-ті салуға тапсырыс берген құрылтайшылар мердігерге қаражатты толық аударғанын айтады. Енді жұмысшылардың жалақы қарызын құрылтайшы өзі өтемек.
Қалау Баймұханбетов, ГЭС салуға тапсырыс беруші компания директоры:
- Шешім келді. Тапсырыс беруші компанияның құрылтайшысы өз ақшасынан қаржылай қолдау көрсетемін деп отыр. Жұмысшылардың қарызын төлейміз.
Жұмысшылар үшін қаражаттың қай мекеменің, кімнің төлейтіні маңызды емес. «Тек маңдай термен тапқан табысына қол жеткізсек болғаны», – дейді. Өйткені көбі ауылдағы дүкендерге берешек. Кейбірінің қарызы 200 мың теңгеден асқан.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин